Winter School




01.03.2012

Бақия Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ҒЗИ 2012 жылдың ақпан айының 23 – 25 жұлдызы аралығында  «Winter School» атты II-ші жыл сайынғы қысқы мектеп «Медицина ғылымындағы менеджмент»  тақырыбы бойынша кафедралардың ғылыми зерттеу жұмыстарына жауаптылар үшін өткізілді.

Осы қысқы мектептің ашылуы Б.А.Атшабаров туралы «Біртуар, асыл ағамыз Бақия Атшабарұлы * Наш дорогой Бахия Атчабарович» атты естелік кітабының жарыққа шығуымен сәйкес келді. Бұл кітап осы ғажайып жанмен жақын араласқан көптеген әріптестері мен шәкірттерінің қатарынан, санаулыларының естеліктерін жинастырып, әрі академик-ғалымның қарамағында қызмет істеп, ол кісімен жиі жүздесетін тамаша сәттілігіне олжалы болғандардың пікірлерінен туындаған естелік жинағы.

Ашылу рәсімінде  ҚазҰМУ ректоры А.А.Ақанов, бір туар ағамыздың жақын, пікірлес серіктестері академик Т.Шарманов, академик А. Рақышев, көрнекті ғалым – дәрігерлер А.А. Алдашев, М.Е. Зельцер, Б.Н.Айтбембет, сонымен бірге жанұясы және жақын туыстары, достары жүрек жарды  ыстық лебіздерін білдірді.

II-ші жыл сайынғы қысқы мектепке Қырғызстаннан және Чехиядан қонақтар шақырылды, олардың баяндамалары тыңдалды. Атап айтатын болсақ: Ибраимов А.И., м.ғ.д., ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі (Қырғызстан), Құдайбергенова Т.А., Honorary Research Fellow of University of Cumbria, Lancaster, UK, И.Арабаев атындағы ҚырғызМУ докторанты, Джусупов К. О., м.ғ.к., Honorary Research Fellow of University of Cumbria, Lancaster, UK, Қырғызстан халықаралық университеті медицина халықаралық мектебі қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының доценті, сонымен қатар Зидкова А., M.Sc.,Карлов Университетінің ғылыми қызметкері (Прага, Чехия).

Қысқы мектептің жабылуы барысында барлық қатысқандарға Б.Атшабаров атындағы ІжҚМ ҒЗИ директорының орынбасары Г.М. Абдуллаева сертификат тапсырды. Семинардың өткізілуі туралы сараптама жасау үшін кафедрлардың ҒЗЖ бойынша жауаптыларға сауалнама таратылды. Осы сауалнаманың нәтижесі II-ші жыл сайынғы қысқы мектептің қандай дәрежеде өткізілгендігін бағалауға мүмкіндік береді.