«ТІЛДАРЫН – 2014»




17.09.2014

Студентердің назарына!!!

 Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген  ҚР-дағы  кәсіптік  мерекелер  мен  атаулы күндер  тізбесіне сәйкес «22 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күні» мерекесі болып белгіленген. Көп ұлтты мемлекетіміз үшін бұл мерекенің орны ерекше. Ел арасында халқымыз осы мерекені өзгеше атап өтеді. Осыған орай білім университетімізде “Тілдарын – 2014” олимпиадасы өткізіледі. Олимпиадаға университетіміздің үш тілді жетік меңгерген студенттері қатыспақ. Қатысуға ниет білдіргендер кастингтен өту үшін «Шет тілдер» кафедрасына хабарласуы тиіс.

Қазақстан – өзінің геосаяси орналасуы мен этникалық құрылымы жағынан ерекше көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Дүниенің саяси картасында өз елінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен рухани құндылықтарының сақталып, олардың материалдық әл-ауқатының дамуына жағдай жасап отырған елдер сирек кездеседі.  Солардың санатына жататын халықтың бірі – Қазақстан. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясаты қазақстандық әлеуметтің барлық ұлттық топтарына жағдай жасауға бағытталған. Әр ұлттың баласының басын қосып, болашақтың тұғырының берік, алдаспанының бақыты — халықтар достастығын нығайтудың дәнекері болып табылатын тіл мерекесі елімізде дәстүрлі аталып өтетін іс-шаралардың біріне айналған.

Мерекеге орай барлық факультетте қабырға газеттері дайындалып, тіл тақырыбында түрлі формадағы іс-шаралар өтеді. «Тіл – жаңалық жаршысы» факультетаралық үздік эсселер сайысы, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» пікірсайыс барысында бірнеше тілді жетік меңгерген студенттер «Қазақстандағы тіл саясаты» тақырыбында сөз жарыстырмақ. Сондай-ақ «Менің Отаным – Қазақстан» атты тақырыпта шығарма жазу байқауы, тақырыптық ашық сабақтар, «Мемлекеттік тіл – айбыным менің» атты әдеби кеш, «Қазақ тілі – қызметтік тіл» тақырыбында дебат, «Тілге – құрмет, елге – құрмет!» атты мерекелік кеш, өзге ұлт студенттерінің арасында қазақ тілінде викторина, өлең оқу сайысы, «Қазақ тілін білу қазақстандық патриотизмнің белгісі» атты дөңгелек үстел және т.б. ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда еңбек нарығының сұранысына сәйкес болу үшін және түлектеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жасалып жатқан осындай игі шаралардың маңызы зор.

 

Тілдік даярлық орталығы