«Қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және кәсіби тілді меңгертудің ұтымды тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті




23.04.2018

20.04.2018 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және кәсіби тілді меңгертудің ұтымды тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Университет кітапханасының ғылыми оқу залында өткен бұл конференцияға қатысып құттықтау сөз сөйлеген Стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректор Ұ.М.Датхаев қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының университетімізде медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына өзіндік үлес қосып жатқанына, қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қалыптастыруға кафедра оқытушыларының белсене араласатынына тоқтала келіп, кафедра ұжымына шығармашылық табыстар тіледі. Одан кейін сөз алған халықаралық медицина факультетінің деканы (мына жерге деканның лауазымы) Н.Ж.Джардемалиева: «Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының оқытушылары орыс топтарында оқитын студенттердің медициналық қазақ тілін меңгерулеріне, болашақ мамандықтарына қатысты лексиканы, синтаксистік оралымдарды игерулеріне барынша қолдау көрсетіп келеді. Осы бағытта кафедра оқытушылар көптеген оқу құралдарын шығарды. Кафедра оқытушылары шығарған оқу құралдарын Қазақстандағы көптеген медициналық жоғары оқу орындары пайдаланып жүр. Сонымен қатар кафедра ұжымы қазақ тіліндегі медициналық  терминдерді қалыптастыруға да үлестерін қосып келеді. Кафедра оқытушылары терминологиялық комиссия және оқулықтарды рецезиялау бойынша комитет құрамында жұмыс істейді»,–  деп қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасы оқытушыларының атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға берді.

Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Б.Ж.Доскеева қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының тарихы туралы жасаған баяндамасында тарихы тереңнен басталатын кафедраның ең алғашқы меңгерушісі – Қазақ КСР-ның академигі, қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан ғалым Ісмет Кеңесбаевтан бастап кафедраны кімдер басқарғанына, кафедра өзінің ұзақ жылғы тарихында қандай асулардан асқанына, қазіргі уақытта кафедра оқытушылар жеткен жетістіктерге жан-жақты тоқталды.

Пленарлық отырыста«Жаңартылған блім мазмұны бойынша қазақ тілі мен әдебиетін өзгетілді аудиторияда оқытудың ұстанымдары» деген тақырыпта баяндама жасаған Абай ат.ҚазҰПУ профессоры, ф.ғ.д. Г.С.Қосымова пәнді оқытудың мақсаты мен мазмұнына тоқталса, ҚазМҚПУ, қазақ тіл білімі теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, пед. ғыл. док., проф. Ж.Н.Сүлейменова, әл-Фараби ат. ҚазҰУ, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Н.Ж.Егізбаева және ҚазҰАУ, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор С.И.Жапақов кәсіби тілдерді оқытуда кездесіп жатқан қиындықтар, оқу бағдарламасын қалыптастыру және болашақ мамандар үшін кәсіби тілдерді игерудің маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды.

Түскі үзілістен кейін болған секция жұмысында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. А.Т.Ақыжанова «Мобилдік қосымшаларды қазақ тілін оқытуда қолдану» деген тақырыпта, С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ қазақ тілі кафедрасының оқытушылары А.Қ.Серікқалиева мен Н.Ә.Төлеева «Сөйлету арқылы тіл үйретудің жаңашылдығы» және «Кәсіби лексиканы меңгерту» атты тақырыптарда шеберлік сыныптарын өткізді.

Конференция соңында конференция жұмысы бойынша қарар қабылданды. Конференцияның жабылуында сөз сөйлеген қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының меңгеруші, ф.ғ.к., доцент З.А.Абдуллина конференция жұмысының жемісті болғанын, конференцияда қазақ тілі мен кәсіби қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланғанын айта келіп, конференцияға қатысушыларға алғыс білдірді.

Халықаралық конференцияның ұйымдастырылуы мен өтуінің жоғары деңгейде болуы қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент З.А.Абдуллинаның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің және кафедра ұжымының бір кісідей атсалысуынының нәтижесі деп толық сеніммен айта аламыз.