Международный медицинский факультет.

«Алаш туы астында …»

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты,

          Қорлығына бермейміз,— деп Сұлтанмахмұт Торайғыров шаттана жырға қосқан «Алашорда үкіметінің» құрылғанына биыл 100 жыл толды. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпықазақтық съезде негізі қаланған «Алашорда үкіметінің» басында тұрған қазақ зиялыларының қай-қайсысы болса да аттары қазақ тарихында алтын әріптермен жазылуға лайық  дара тұлғалар болды.

Қазақ жерінің тұтастығын, тілінің, дәстүрінің, елдігінің сақталуын мақсат еткен Алаш зиялылары осы жолда бастарын құрбандыққа шалды. Кеңес Өкіметінің қанды шеңгеліне іліккен олардың ұстанымдары бүгінгі күні Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясында жалғасын табуда.

Желтоқсанның 13  күні  университет  кітапханасында  Орыс тілі  және  кәсіби орыс тілі кафедрасы,  Жастар саясаты  басқармасы  және университет  кітапханасы ұжымы бірлесіп Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алаш туы астында …» атты әдеби -танымдық  кеш өткізді.

Кеш қонағы Қазақ мемлекеттік  қыздар педагогикалық  университетінің  доценті, ф.ғ.к. Бибігүл Мыңбайқызы Сұлтанова Алаш азаматтарының ұлт тілі, ұлт тағдыры үшін сіңірген еңбектері жайлы кеңінен баяндап берді. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті туралы ғылыми еңбек жазған Бибігүл Мыңбайқызы сол кездегі қазақ ақын-жазушыларының ағартушылық идеяларын жан-жақты ашып көрсетті. Ол қазіргі таңда өзекті мәселе болып отырған  латын  әліпбиіне  көшу туралы  да сөз қозғады. Латын әліпбиін жақтаушылардың басында тұрған Н.Төреқұловтың ой-пікірлерін де айтып өтті.

Кештің өтуіне   Педиатрия және Жалпы медицина факультетінің 1 курс студенттері белсене атсалысты. Атап айтқанда, Болатхан Темірлан  мен Оразәлі  Ұлжан кеш жүргізушілері болса, Абдуллаева Ақерке, Әуесбек Таңшолпан, Бөкейханова Риза және Боранбай  Мөлдір  тіл, туған ел, туған жер туралы алаш арыстарының өлеңдерін  оқыды. Ал Бейсенбек Ақмарал  «Алаш арманы – тәуелсіз Қазақстан» атты баяндама жасады. Жұмабекова Алима және т.б. студенттер ән айтып, күй орындап, өз өнерлерін  көрсетті.

Кешті өткізу барысында «Азаттықты аңсаған айбынды Алаш» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен бірге кеште осы іс-шараны ұйымдастырушы оқытушылардың бірі (ұйымдастырушы оқытушылар: Б.Н.Канленова, Т.Қ.Зайсанбаев, З.К.Кокенова) – қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының  доценті,  ф.ғ.к. Т.Қ.Зайсанбаев Алаш азаматтарының  тіл мәселелері бойынша ұстанымдары туралы ойын ортаға салды. А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Қ.Кемеңгерұлы сияқты қазақ тілінің тазалығы үшін күрескен Алаш зиялыларының еңбектеріне қысқаша тоқталды. Ол ашаршылық кезде қаншама халықты өлімнен құтқарған Қапез Байғабылұлының «Қоштасу» атты әнін орындап берді.

Әзәзілге сендің бе,

Айтқанына көндің бе.

Халқым деген Қапезді,

Жау деп ұстап бердің бе,– деп өкініштен өзегі өртенген Қапездің тағдыры сол кездегі қазақ зиялыларының бәрінің тағдыры десе де болғандай.

Бұл кештің   өтуі осыдан тура 100 жыл бұрын  өткен тарихи күнмен дәлме-дәл  келуі және елі үшін құрбан болған асыл азаматтардың өмірлері туралы терең мағыналы әңгімелер, сол заманнан сыр шерткен мұңды әндер  мен көңіл толқытар күйлер студентерге үлкен әсер қалдырды.

                       


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *