ОРТОДОНТИЯДАҒЫ РЕТЕЙНЕРЛЕРДІҢ АЛАТЫН ОРНЫ

13 Mar 2013

УДК 616.314-089.23(035)

Доцент, м.ғ.к. Р.И. Құлманбетов, Д. Бубеева, Е. Дадаева, Ю. Тегай, М. Киреев

ҚазҰМУ балалар жасындағы стоматология пропедевтикасы және ортодонтия модулі

Бұл мақалада балалар мен жасөспірімдердің тіс-жақсүйек жүйесіндегі аномалиялары мен деформацияларын ортодонтиялық аппараттармен емдеу сөз болады. Рецидивтердің алдын алудағы ретейнерлердің маңызы баяндалған.

Түйінді сөздер: рецидив, ретейнер, каппа, алдын алу.

 

Дәрігер-ортодонт немен шұғылданады? Қандай стоматологиялық сырқаттарды емдейді? Осындай сұраққа жауап беру үшін алдымен «ортодонтия» терминнінің сырына үнілейік. «Ортодонтия» термині гректің orthos – тік, odontos – тіс деген ұғымынан тараған. Басында ортодонтия өзінің тікелей ұғымына қарай жеке қисық тұрған тістердің орналасуын түзетумен шұғылданса, кейінгі кезеңдерде оның өрісі кеңейтілуде. Бүгінгі таңда дәрігер-ортодонт балалар мен ересек адамдарда кездесетін тіс-жақсүйек аппараттарындағы аномалиялар және деформацияларды емдеумен, тіс пен тіс қатарындағы ақауларға протез салумен айналысады. Ортодонттар зерттейтін «аномалия» деген термин қалыпты жағдайдан ауытқу дегенді білдірсе, «деформация» заттың пішіні мен көлемінінің өзгеруін анықтайды. Ал «ретейнер» түзетілген тістерге тіреуіш болып, әбден қалыптасқанша оларды ұстап тұратын аппарат.

Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында кездесетін тіс-жақсүйектердің аномалиялары мен деформациялары жиі кездесуде. Кейбір ғалымдардың деректері бойынша ондай өзгерістер ел арасында 25-35% жетеді екен. Тіс-жақсүйек аномалияларының таралуы 24,5% өскен. Оған көптеген факторлар әсер етеді. Соның ішінде, әсіресе тұқымқуалаушылық, зат тек алмасуының бұзылуы, зиянды әдеттер ерекше орын алады.

Тіс-жақсүйек жүйесіндегі аномалиялар мен деформациялардың алдын алу емшек жасындағы сәбилерді күтіп бағудан басталады.

Тіс-жақсүйек жүйесі бала ағзасының өмір сүруге аса қажетті ему, жұту, тыныс алу, шайнау және сөйлеу сияқты қызметтеріне белсенді түрде қатысады.

Жоғарыда аталған физиологиялық қызметтердің бәрі бұзылса, тіс-жақсүйек аномалиялары мен деформацияларының пайда болуына мүмкіндік туады. Балалар мен жасөспірімдерде кездесетін тіс-жақсүйек аномалияларының түрлері көп. Оларға тістемнің прогнатия (жоғарғы жақ-сүйектің алға шығуы), прогения (төменгі жақсүйектің алға шығуы), ашық, терең, айқасқан тәрізді түрлері жатады.

Ортодонтияда тіс-жақсүйек аномалиялары мен деформацияларын емдеу мақсатында әртүрлі пластинкалар, аппараттар, брекеттер қолданылады. Соңғы 10-15 жылдың ішінде ортодонтиялық брекет жүйесі өзінің емдік тиімділігімен көзге түсіп жүр. «Брекет» термині бөліктерінде бірін-біріне бекітетін құлып немесе қапсырма деген ұғымды береді. Брекет жүйесі сақинадан, ортодонтиялық сым-темір доғадан және брекет-құлыптан тұрады. Брекеттердің бірнеше түрлері бар. Кең таралғаны-тістің алдыңғы жағына бекітілетін металды немесе керамикалық құрылымдар. Тіл жақтылық брекеттер тістің ішкі жағына бекітіледі (1сурет).

 

                                   а                                                                                            б

1 сурет- а-тістің алдыңғы жағына бекітілетін металды брекеттер, б-тіл жақтылық брекеттер.

 

 

 

 

 

 

Олар көрінбейді, бірақ оларды тазалау қиынға түседі. Брекеттерді тағып жүргенде ауыз қуысына дұрыс күтім жасау қызыл иек пен тісті стоматологиялық аурулардан қорғауға көмектеседі. Оның үстіне дұрыс күтім брекеттерді тағу мерзімін қысқартуы мүмкін.

Қазіргі замандағы ортодонтияда тіс-жақсүйектерінің аномалиялары мен деформацияларын оңтайлы емдеу, қол жеткен нәтижелерді өзгеріссіз сақтау (рецидив, аурудың қайталануын болдырмай) өзекті мәселелердің бірі. Ортодонтиялық емнен кейін пайда болатын рецидивтерді болжау, ғылыми зерттемелер үшін өте маңызды. Емдеудің шипалығын арттыру, рецидивтердің алдын алу, жетілдірілген ретейнер-тұрақтандырғыш құрылымдарын жасау-заманауи талабы.

Әдетте әртүрлі ортодонтиялық аппараттар, брекеттермен емдеудің соңғы сатысына ретенциялық яғни тұрақтандыру кезеңі жатады.

Бұл кезде арнайы аппарат-ретейнерлер көмегімен түзетілген тістер біратала физиологиялық қалыпты тұрақтандырады. Емніңі ретенциялық (тұрақталған) нәтижелерін қамтамасыз ету үшін алмалы-салмалы, алынбайтын ортодонтиялық қолданылады. Оларды қолданғанда тісжегі, қызыл иек ауруларының алдын алу үшін ауыз қуысының кәсіби гигиенасы міндетті түрде жүргізіледі. Алынбайтын ретенциялық аппараттар көбінесе тістің ішкі бетінде орналасады. Ортодонтиялық сым тістің кіреукесіне композициялық материалдың көмегімен бекітіледі. Бұл аппараттың артықшылығы көзге түспеуі және ретенциялық қасиетінің жоғары болуы. Дегенмен аппаратты түнде киюді ұмытпағаны дұрыс, бірақ оның бір кемшілігі оған алмалы-салмалы аппаратқа қарағанда ауыз тазалығын сақтаудың қиындығы жатады (2 сурет).

 

2 сурет-ортодонтиялық сымнан жасалған ретейнер

 

 

 

 

 

Ретенциялық аппараттардың ең қарапайым – ұстап тұратын кламмерлері және вестибулярлы металл доғасы бар жай пластинкалы аппарат (3 сурет).   Онымен гигиенаны сақтау оңай, дегенмен сөйлегенде вестибулярлы доға көрінеді. Сондықтан доға көрінбеу үшін мөлдір вестибулярлы доғасы бар эстетикалық ретенциялы аппарат ойлап шығарылған.

3 сурет – Ұстап тұратын кламмерлері және вестибулярлы металл доғасы бар жай пластинкалы аппарат

 

 

 

 


 

 

 

Алмалы-салмалы ретенциялық аппарат ретінде каппаны қолдануға болады. (мысалы, иекке сыртынан тұрақты қысым түсіру үшін). Каппаның эстетикалық қасиеті жоғары, қалыптағыш-вакуум аппаратында істеледі (4-сурет).

 

 

а

 

 

 

                        б                                                                                в

4 сурет-а-алынып-салынатын каппа, ретейнер, б-каппаны жасайтын табақшалар,                  в- қалыптағыш-вакуум аппараты


 

 

Әдетте бір жақ сүйекті құрылымдық ретенциялық аппараттармен қатар екі жақ-сүйектік аппараттар да жасалады. Бұл аппарат құрылым жағынан өте күрделі, сол себептен үйге келгенде түнде ғана ауызға салады. Кейбір кезде дәрігер әртүрлі құрылымдық ретенциялық аппараттарды құрамдастырады.

Мысалы, мөлдір каппаларды жоғары және төменгі жақ сүйектерге күндіз салса, пластинка немесе екі жақ сүйекті аппараттар түнде салынады. Болмаса алынбайтын ретейнерлер тұрақты тұрса, екі жақ сүйекті аппарат түнде ауызға салынады. Барлық алмалы-салмалы ретенциялық аппараттар белгілі бір күтім мен тазалықты қажет етеді. Сол үшін көптеген тіс щеткалары, ысқыштар және суперфлостар, емдеу-профилактикалық пасталар және ауыз шаюға арналған заттар шығарылған. Дәрігер-ортодонт, науқасқа брекет-жүйесі ауызда болғанда гигиеналық дағдыларды ұмытпай, бұлжытпай орындауды ескертеді..

Сонымен қатар тістердің минералды құрамын қалпына келтіру және ауыз қуысын кәсіби тазалау үшін үнемі дәрігерге келіп тұру қажет.

Қайтардан пайда болатын аномалиялардың алдын алу үшін, ретенциялық аппараттарды жоспарлау кезінде тістердің ығысу бағыты назарға алынады.

Тістердің вестибулярлы орналасуын кетіргеннен кейін, әртүрлі құрылымды тісүсті вестибулярлық доғалар қолданылады. Аппараттың негізі мен доға арасындағы орналасқан тістер бекітіледі. Вестибулярлы доғаларды алдынғы тістерге, сонымен қатар бүйір тістерге де қолдануға болады.

Дистальды тістемді түзеткеннен кейін, жоғарғы жақ сүйекке вестибулярлы доға, кламмерлер және ылди жазықтығы бар пластинкалар, немесе төменгі жақ сүйекке бейімдегіші бар пластинкалар жасалынады. Бұлар алдынғы тістерге жасалған вестибулярлы доғаның әсерінен тістерге жақсы бекітіледі.

Мезиалды тістемді түзеткеннен кейін, жоғарғы жақ сүйектің алдыңғы тістеріне тісүсті вестибулярлы доғасы қолданылады.

Ашық тістемді түзеткеннен кейін, құрамына құрылымдық элементтер кіретін ретенциялық аппараттар қолданылады. Олар тілді тіс қатарынан бөліп тұруға және тіс арасына кіруден сақтайды. Сол себептен тілді сақтау үшін тік және көлденең бағытта иілген сым темірлері бар және пластмассадан жасалған қалқаны бар алмалы-салмалы аппарат қолданылады. Тілдің ұщын дұрыс орналасуын бұзбау үшін және ауыздың физиологиялық кеңістігін кемітпеу үшін аппаратты тіске жақындатып, түзеп-жөндеу оңай түседі.

Тістердің ось бойымен айналған кезде, оларды ретенциялау қиынға түседі. Осы мақсатпен тістердің тіл жағына бекітілетін алмалы-салмалы сым темірлі ретейнерлер қолданылады. Тұрақты ортодонтиялық аппарат тіс қатарынан алынғаннан кейін аномалияның қайталанбауын алдын алу үшін ретенциялық аппарат тәулік ішінде жасалып ауызға салынуы тиіс. Барлық алмалы-салмалы ретенциялық аппараттар тұрақты түрде күтім мен тазалықты талап етеді.

Ретенциялық кезеңде ретейнердің бекітілуін байқап, ортодонтқа тұрақты түрде қаралып тұру керек.

Ретейнерлер қандайда бір тістен ажырап кетсе, толығымен босауы мүмкін, мұндай жағдайда дер кезінде емханаға барып түзеп-жөндеген дұрыс.

Ретенциялық кезеңде ортодонтқа жылына науқас кем дегенде 2 рет қаралуы керек.

Жоғарыда көрсетілген ретенциялық аппараттарды медициналық көрсетілімдеріне қарай қолданса, емнің нәтижесі артып, түзетілген тістер өз орнындарында тұрақталып қалады.

Қорыта келгенде, ретейнер аппараттарын оңтайлы қолдану тек әдемі күлкі үшін емес, тіс-жақсүйек жүйесінің ойдағыдай қызметін қамтамасыз етуге береді.

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1  Уильям Р.Проффит Современная ортодонтия – М.:  2009. – 560с..

2  П.С.Флис, Н.А.Омельчук, Н.В.Ращенко Ортодонтия: учебник. –Медицина. – 2008. – 360с.

3 М.Я.Алимова, И.М.Макеева Ортодонтические ретенционные аппараты: Учебн.пособие. – М.: 2009.- 72с.

4  Равиндра Нанда Биомеханика и эстетика в клинической ортодонтии. – М.: 2009. – 388с..

 

О РОЛИ РЕТЕЙНЕРОВ В ОРТОДОНТИИ

Резюме: О лечении ортодонтическими аппаратами зубочелюстных аномалий и деформаций встречающихся у детей и подростков. О высокой роли ретейнеров в профилактике рецидивов.

Ключевые слова: рецидив, ретейнер, каппа, профилактика

 

ABOUT ROLE OF RETAINER  IN ORTHODONTICS

 

Resume: In this article represented information about effectiveness of treatment dentofacial anomalies and deformities that occur among children and teenagers using orthodontic appliances. About important part of retainers in prevention of relapses.

Keywords: relapse, retainer, kappa, prophylaxis

 

 

ОРТОДОНТИЯДАҒЫ РЕТЕЙНЕРЛЕРДІҢ АЛАТЫН ОРНЫ

Жаңалықтар

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индекстелген

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

© 2021 ҚазҰМУ