ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?

13 Mar 2013

УДК 81, 27:159.9:316.334 (574)

 

Қ.Т. Cарсембаев м.ғ.д., профессор, З.М. Өскенбай, ассистент, А.А. Ашимов,

ассистент, С.А. Акназаров

Алматы қаласы, С.Ж. Асфендияров атындағы

Қазақ Ұлттық медицина Университеті, психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасы

 

Қазақ сөздерінің жазылуы мен айтылуының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін көптеген ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына икемделмегендіктен,  медициналық сөздерді аударғанда немесе оларға  қосымша жалғауда ала-құлалық кездесіп жүргені сол себепті.

Сондықтан, медицина саласында ұлттық ғылыми атауларды реттеу біздің болашақ мамандарымызды қазақ тілінде оқытып, қазақша жазуға бейімдеуде көптеген жеңілдіктер әкеледі. Себебі, соңғы кезде қазақ халқының саны көбейіп, табиғи сұранысының ұлғаюына байланысты қазақ жастарының, қиындығына қарамастан, медицина ғылымына деген қызығушылығы байқалады. Сол себепті бұл мәселенің маңыздылығы жоғары.

Қазақ Ұлттық академиясының академигі А.Рақышевтің 2009 жылғы 3-ші желтоқсанда өткен « Медицина  білімі-мемлекеттік тіл аясында» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясының  пленарлық мәжілісінде баяндағанындай  «…нағыз оқулықтар ең білікті деген оқытушылардың көп жылдық еңбегі мен тынымсыз ізденісінің нәтижесінде пайда болады. Сол себепті оқулық дәріскердің әрбір тақырып туралы оқыған-тоқыған, қорытқан, түйген ой-тұжырымының толық және ықшам түріндегі көрінісі ретінде оқырманға ойға жеңіл, жүрекке жылы, түсінікті тілде жеткізілсе нұр үстіне нұр болар еді, Себебі, оқулықтарға қарап, оны жазған  адамның біліктілік деңгейін және жалпы сол саладағы білім жүйесін қаншалықты меңгергенін шамалауға болады». [1].

Кейінгі кезде қазақ тілінде шығып жатқан оқулықтар мен оқу құралдарында үйлесімсіз ұғымдар, құлаққа қонымсыз атаулар, белгілі терминдер мен түсініктердің әр алуан түрде айтылулары сияқты олқылықтар олардың қазақ тілінде жазылғандығынан емес, орыс тілінде жазылғандарды сөзбе-сөз аударғандықтан деп ойлаймыз, Сондықтан кейбір сөздердің мағынасы түсініксіз, оқыған адам шатасатындай болып шығады.

Осыған  орай, соңғы жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде термин жасау мәселесімен шұғылданатын, әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін Медициналық термин орталығында белгілі оқымысты-медиктердің қатысуымен теориялық және клиникалық пәндердің орысша-қазақша терминдерінің компьютерлік қоры жинақталған.[1].

1995 жылғы 30 тамыздағы  Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 – бабында  «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп  атап  көрсетілген. Сол Конституцияға сүйене отырып,  1997 жылдың 11 шілдесінде қабылданған № 151-1 «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның 4- бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық – техникалық жағдайларды жасауға, қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» деп көрсетілген [2].

Осыларға сүйене отырып және  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 сәуіріндегі «Үкіметтің 2010 жылға дейін мемлекеттік тілді мекемелерде енгізу және қалыптастыру бағдарламасы туралы» қаулысы күшіне енгеннен бастап, барлық оқу сатылары қазақ тілінде жүргізіліп, нәтижесінде мамандар қазақ тілінде іс жүргізуге дайын болып шығып келеді. Бірақ, бүгінгі күні тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіндегі емдеу мекемелерінде іс жүргізу әлі де орыс тілінде жүргізілетіндіктен оқудың барлық белестерін қазақ тілінде өткен дәрігерлер дипломын алғанымен, маман ретінде қазіргі уақытта сұраныссыз қалып отыр. Мемлекеттің бұл бағытта көп жылдар бойы жұмсаған қаншама қаржысы, орта және жоғарғы оқу орындарының жоғары мамандандырылған профессорлық – оқытушылар құрамының осы жылдар бойы төккен тері, дайындалған мамандардың жігері босқа кетеді. Бәрінен де жас мамандардың тағдыры, олардың ана тілінің болашағына деген сенімі, халқымыздың денсаулығын қорғауға берген антының құнының жоғалуы мен жұмыс істеуге деген ықыласының жойылуы қиын болып тұр. Себебі, көбінде емдеу мекемелерінің басшылары өздері қазақ тілін жетік меңгермегендіктен тіл мәселесіне ат үсті қарайды. Мұндай көзқарас қазақ тілінің тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне ойдағыдай енуіне көп кедергі жасайды. Бұл мәселенің маңыздылығын дұрыс түсінбегендіктен емдеу мекемелерінде қазақ тілін заңға сәйкес енгізу тек науқаншылыққа алып келеді.

Қазақстан Республикасының барлық медициналық және емдеу мекемелері мен денсаулық сақтау жүйесінің 2003-2010 жылдары іс жүргізу мен медициналық құжаттарды міндетті түрде қазақ тілінде жүргізілуі туралы Үкіметтің жоғарыда көрсетілген қаулысына  қарамай,  жергілікті денсаулық сақтау жүйесі оған дайын емес екендігін көрсетті. Шындығын айту керек, кейбір емдеу мекемелерінде ғана медициналық құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Бірақ, бұл формальді түрде ғана. Өйткені, бұл үрдіс әдістемелік құралдарды өңдеу, арнайы медициналық терминология, қазіргі нанотехнологиялардың  ғылыми  қорытындыларымен  бірге  жүрмейді және аймақтық  сипатта ғана болады.

Кеңестер одағы кезінен бері келе жатқан қазақ тіліне деген «шовинистік» көзқарастың  салдары қазіргі кезге дейін сезіліп келеді. «Балық басынан шіриді» дейді халық. Жоғарыда айтылған заңның қабылданғанына 15 жылдан астам уақыт өтсе де, үлкенді-кішілі басшылардың қазақшасы мардымсыз болғандықтан,  өмірде оны қолдана алмай келеді. Бірінші кезекте  үкімет басында отырғандар мен халықтың қамын жейтін парламент мүшелері  қазақша сөйлеп, басқалардан да соны талап етсе, сөз бен істің алшақтығы болмас еді.  Қазіргі үкімет басшысының аяқ алысы жаман емес, мүмкін енді  қазақ тілінің бағы жанар. Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан халқына арнаған жолдауындағы – 2025 жылға қарай қазақ тілі өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас және жаппай  қолданыс тіліне  айналу  үшін  «қазақ  қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі жерде қалмау керек. Сол жерде тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас екендігі даусыз, сондықтан оған  бей-жай қарамай, ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы керек екендігін де еске салып өтті [3].

Үкіметтің өмірлік маңызы бар және қажетті шешімін іске асыру үшін бұл мәселеге формальді емес, радикалді және ғылыми әдістемелік түрінде қарау қажет. Науқаншылықтан арыла отырып, әр емдеу мекемелерінде және барлық оқу орындарында медициналық құжаттарды таза қазақ тілінде жүргізу керек. Немесе бір бөлімшеге қазақ тілін жетік білетін мамандарды шоғырландырса олардың жұмысы алға басар еді. Бұл мамандарға, қызметкерлерге мемлекеттік тілді меңгергені үшін қосымша төлемақы тағайындаса олардың қызығушылығы да артар еді [4,5].

Бастапқы белестерде мұндай бөлімшелерді медициналық колледждер мен жоғарғы оқу орындарының клиникалық базаларында ашқан орынды. Бұл ғылыми анализ және тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне қазақ тілін енгізу үрдісін негіздеуге, медициналық терминологияны, әдістемелік нұсқауларды өңдеуге қажет. Ол үшін жоғарғы оқу орындарының бағытталған (профильді) кафедралары осы бөлімшелердің базаларында студенттерді дайындау мен оқытуды міндетті түрде қазақ тілінде жүргізу керек.           Келесі белестерде бұл кафедралар мен бөлімшелер тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесінде қазақ тілінде дайындау мен дәрігерлердің мамандықтарын жетілдіру үшін дайын клиникалық базалар болар еді [4,5].

Қазақта «тама берсе, тамшы да тас теседі» деген сөз бар. Айта берсек, жаза берсек, біздің бұл айтқандарымызға құлақ асар адам табылар деген ойдамыз.

 

Әдебиеттер тізімі

1       Рақышев А. «Университетіміздің өсіп-өркендеуіне әсер ететін мемлекеттік тілдегі медициналық терминдердің құрылуы, дамуы, келешегі». Медицина білімі – мемлекеттік тіл аясында. Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: 2009. – 3 желтоқсан. – Б. 3-4

2       Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы. -11 шілде. -1997 жыл. – № 151-1.

3       Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Астана: 2012 жыл. – 14 желтоқсан.

4       Сарсембаев Қ., Ашимов А. «Тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіндегі қазақ тілінің деңгейі туралы пікірлер»// Қазақ Ұлттық медицина университетінің хабаршысы. – Алматы: 2006. – № 2 (32). – Б. 132-133

5       Сарсембаев Қ., Ашимов А., Өскенбай З. «Қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі қазақ тілінің жағдайы туралы іпкір-ойлар».// Қазақ Ұлттық медицина университе-тінің хабаршысы. – Алматы: 2011. – № 2. – Б. 116-118

6       Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Үкіметтің 2001 – 2010 жылдары мемлекеттік тілді мекемелерде енгізу және қалыптастыру бағдарламасы» туралы Қаулысы  9 сәуір. – 2003.- № 344.

 

 

Резюме: В статье рассматриваются вопросы внедрения государственного языка  в практическое здравоохранение, а также предлагаются пути разрешения данной проблемы.

 

 

 

Resume: The problem of introduction of state language to the practical health service is considering in this article as well as ways of solving it.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫ

 

 

Жаңалықтар

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индекстелген

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

© 2021 ҚазҰМУ