ӨЗГЕ ТІЛДІК СӨЗДЕРДІ ҚАЗАҚША ЖАЗУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

27 Sep 2013

УДК 61:001.76(038)

 

Т.Қ. Зайсанбаев, Б.Н.Канленова

С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

 

 

Мақалада қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қалыптастыру туралы сөз болады. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі ескерілмеген қазіргі қазақ орфографиясының қазақша термин жасауда туғызатын қиындықтары жан-жақты талданады. Қазақ тіліне тән емес дыбыстардан, дыбыстық тіркесімдерден арылу арқылы, сондай-ақ орографиялық ережелерімізді қазақ тілінің заңдылығына лайықтау арқылы бұл қиындықтарды жоюға болатыны атап көрсетілген.

Түйінді сөздер: Өзге тілдік терминдерді қазақша жазудың тиімді тәсілі; үндестік заңы; дыбыстар тіркесімі; фонетикалық заңдылықтар; кірме сөздердің жазылуы

 

Ғылымның кез келген саласының дамуында терминдердің атқаратын маңызы зор екені белгілі. Ал термин мәселесі әлі дұрыс шешімін таба қоймаған, бірізділікке толық түсіп болмаған ғылым саласы медицина десек артық айтқанымыз емес. Мұның көптеген себептері бар. Солардың ішінде ең бастысы – олардың дыбыстық құрылымы. Кез келген тілдің іргетасы – оның дыбыстық құрылымы. Тілдің дыбыстық құрылымы дұрыс сараланбаса, бағамдалмаса, ол терминнің қалыптасуына да, ғылымның дамуына да орасан зор зиянын тигізеді. Іргетасы дұрыс қаланбаған үйдің қабырғасы да, шатыры да түзу болып шықпайтыны аян. Ал енді қазақ тіліндегі терминдердің қалыптасуына не кедергі болып тұр деген мәселені қозғамас бұрын алдымен қазақ (түркі) жазуының тарихына аз-кем шолу жасай кетейік.

XVIII ғасырдың екінші жартысында алғаш рет ғалымдардың назарына іліккен Орхон-енисей жазуларының кілті көпке дейін табылмады. Ғалымдардардың біреулері бұл ескі кельт жазуы деп есептесе, енді біреулері ескі гот жазуы деп санаған, тіпті бұлар фин жазуы деп есептегендер де болды. «Ескерткіштерді талдап, олардың кілтін табу Дания елінің ғалымы В.Томсеннің үлесіне тиді. Ол кісі ең алдымен ескерткіштердегі кездесетін таңбалардың екінші бір таңбалармен тіркес, қатар келетін және келмейтін ерекшеліктерін ескерді. В.Томсен бұдан соң түркі жазу жүйесінде дауысты дыбыстардың қолданылуына байланысты олардың жуан және жіңішке айтылатын екі түрлі ерекшелігі болатындығын байқады. Өйткені, түркі тілдеріндегі үндестік заңы ерекшеліктерін жете білудің өте қажет екендігіне көзі жетті» [1, 21]. Ғалым түркі тілдеріне тән дыбыстардың бір-бірімен үндесу заңын дұрыс пайымдау арқасында ескерткішті оқи алған. Түркі тілдеріндегі сөздер не біркелкі жуан немесе біркелкі жіңішке айтылуымен қатар, дауыссыз дыбыстары да бір-бірімен үндесе жалғанады. Дауыссыздардың бір-бірімен үндесе жалғануы әсіресе қазақ тілінде қатаң әрі жүйелі сақталған. Яғни сөз аяғы қатаң дауыссызға бітсе қосымша міндетті түрде қатаң дауыссыздан басталады, ал сөз соңы дауысты, үнді немесе ұяң дауыссызға аяқталса, қосымша міндетте түрде ұяң немесе үнді дауыссыздан басталады. Мұндай қатаң заңдылық түркі тектес халықтардың көпшілігінде онша сақталмайды. Мысалы, өзбек немесе ұйғыр, татар тілдерінде қатаң дауыссызға біткен сөздерге қосымша үнді дауыссыздан жалғана береді (мысалы: ат-лар, ит-ләр т.б). Мұның себебін қазақ тілі білімінің атасы А.Байтұрсынұлының мына сөзімен түсіндіруге болады: «Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың закөніне ерген. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған» [2, 248].

YIII ғасырдан мұсылман дінімен бірге қазақ даласына араб жазуы тарай бастады. Тегі араб қожа, молдалар дін тарату мақсатында мешіт, медреселер салып, бала оқытқан. Ондай оқу орындарының көпшілігі түркі тектес халықтардың ішінде отырықшы, жартылай отырықшы өзбек, татар, ноғай, башқұрт сияқты халықтарда болған. Ал қазақ арасына мұсылман діні негізінен ауызша тараған. Әрине, ауылдарда молдалар мектеп ашып, бала оқытып, олардың сауатын ашқанымен, халық жаппай сауатты болған жоқ және жазу-сызудың қазаққа аса қажеттілігі де бола қоймаған. Сондықтан, ауызекі сөйлеу тілі нәтижесінде енген ғылымға, әдебиетке, мәдениетке қатысты араб сөздері қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бағынып өзгеріске түскен. Нәтижесінде олар әркімнің естуінше, жобалап айтуынша бірнеше нұсқа құрап айтылған. Айтыла-айтыла келе кірме сөздердің көпшілігі сараланып, әрқайсысы дербес мағына ие болатын дәрежеге де жеткен. Мәселен, арабтың бір ғана «хукуматун» [3, 136] сөзінен «өкімет», «үкімет» деген екі сөзі жасалып, бірі «мемлекет, мемлекеттік құрылыс», бірі «елдегі мемлекеттік билікті атқарушы орган» деген мағында қолданылып жүр. Басқа тілден сөз алмайтын халық болмайды. Бірақ олар сол жат сөздерді айту үшін тілін бұрап қиналмайды. Өздерінің айтуларына ыңғайлап, өздерінің тілдерінің заңдылығымен айтады. Жат сөздерді айту үшін арнайы дыбыс-әріптерді ойлап таппайды. Бұл – дүниежүзіндегі барлық тілдерде қолданылатын, тілдің сөздік қорын дамыту тәсілдерінің бірі.

Жазу-сызуы кенже қалуы нәтижесінде таза сақталып қалған қазақ тілінің осы қасиетін оны ғылым тіліне айналдыруа барысында жоғалпауды көздеген адамдардың бірі – А.Байтұрсынұлы болды. Қоғамның, ғылымының дамуы үшін жазудың маңызы зор екенін жете түсінген ұлы ғалым 1912 жылы араб жазуының негізінде қазақ әліпбиін жасады. Араб графикасына қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілейтін әріптер қосумен қатар А.Байтұрсынұлы қазақша жазу емлесін қалыптастырушы да болды. Ол 1913 жылы «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға» деген мақаласында дұрыс емле туралы ойын былай баяндайды: «Дұрыс емле менен қате емлені айыруға менің ойымша былай қарау шығар дейім: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек. Тілдің табиғатына қарамай, зорлап емлеге таңып байласақ, қытай қатындарының айағы болып шығады» [2, 247]. Өкінішке қарай Кеңес Үкіметі ұлттық тілдің тазалығын, ерекшелігін сақтаушыларды «ескішіл кертарпалар, ұлшылдар» деп қаралап, жазықсыз жазалады. Ақыры А.Байтұрсынұлының әліпбиін жою мақсатында әуелі латын, кейін кирилл әліпбиіне көшті және кирилл әліпбиіне көше салысымен, «әр түрлі жазуды, ала-құлалықты жою» дегенді сылтау етіп, «орыс тілінен, орыс тілі арқылы енген сөздерді орыс тіліндегідей етіп жазамыз, айтамыз» деген ереже де шығарып қойды. Бұл аздай арғы түбі, латын, грек, ағылшын, француз сөзі болып шығатын, бірақ орыс тілінің дыбыстық заңдылығымен дыбысталып тұрған сөздерді «халықаралық терминдер» деп атап, «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген қағида тағы ойлап тапқан. Тілдің дыбыстық жүйесі заңдылықтары оны басқа тілдер әсерінен қорғайтын «иммунитеті» екенін, иммунитетінен айрылған тіл сыртқы әсерге оңай ұшырайтынын, орыстандыруды мақсат еткен жымысқы саясаткерлер жақсы білген. Санамызды улап, тіліміздің дыбыстық заңдылығын бұзған қазіргі жазуымыздың кемшілігін ашып көрсету үшін нақты мысалдар келтірейік. Мысалы, өзіміз күнделікті жиі қолданатын «тест» сөзін алайық. Орыс тіліндегі «тестирование» сөзін қазақ тілінде біреулер «тестілеу» деп, енді біреулері «тесттеу» деп жазып жүр. Қазақ тілінде сөз басында немесе сөз аяғында екі қатаң дыбыс қатар айтылмайды, ал мұндай дыбыс тіркесіміне аяқталған сөзге зат есімнен етістік тудыратын -те (-та, -ла, -ле, -да, -де) жұрнағын жалғау мүмкін емес. Қазақ тіліндегі «дос», «рас» сөздерінің парсы тілінен енген «дост», «раст» екенін көп адам біле бермеуі де мүмкін. Тіліміздің дыбыстау заңдылығына бағынбайтын бір дыбыс түсіп қалып еді, бұл сөздер қазақтың өзінің төл сөзіндей болып шыға келді. Сол сияқты «тест» сөзін де қазақ тілінің заңдылығына бағындырып «тес» деп ала салсақ, мұндай мәселе туындамас еді, «тес-теу». «тес-тің нәтижелері», «тес-ке жауапты оқытушы» деп қолдана берер едік. Тілімізге күштеп ендірілген в, ф, ц, ч, и, я, ю сияқты дыбыс-әріптермен бірге қазақ тіліне жат бр, нх, ст, нк, кл, кр, пм, кс, пт, пк сияқты толып жатқан дыбыс тіркесімдері пайда болды. Осындай дыбыс тіркесінен басталған немесе аяқталған сөздерді айтқанда қазақ тілінде (жалпы түркі тілдерінде) не алдына, не артынан немесе ортасына дауысты дыбыстар қосылып айтылады. Мысалы осындай дыбыстық құбылыстардың бірі эпентеза туралы профессор К.Аханов былай деп жазады: «Екі дыбыстың аралығана қосалқы дыбыстың келіп кірігуі эпентеза құбылысы деп аталады. Мысалы, метр, литр деген сөздер қазақша метір, литір түрінде айтылады. Трактор, трамвай деген сөздердің тырактор (тырактыр), тырамвай (тырамбай) деп айтылуы да осыған мысал бола алады. Орыс тіліндегі кровать деген сөздің өзбекше (карават) және қазақша айтылуында (кереует) дауыссыздардың тіркесінің (кр) арасына дауысты дыбыс қосылады» [4, 364-365]. Сондай-ақ ғылым бұл еңбегінде протеза (екі дауыссыздан басталған сөздің алдына дауысты дыбыстың қосылып айталуы (мысалы, стакан – ыстақан, шкаф — ышқап)), эпитеза (екі дауыссызға біткен сөздердің соңына дауысты дыбыстың қосылып айтылуы (мысалы, киоск – киоскі, танк — танкі)) сияқты құбылыстарды да сөз етеді [4, 365]. Ал енді осындай дыбыс тіркесіменен тұратын медициналық терминдердің қазақша қалай дыбысталатынына назар аударайық. Қазақ тілді адам стоматология, стоматит, бронх, тромбоз сияқты сөздерді ыстаматолгоия, ыстоматит, быронхы, тырамбоз деп дыбыстайды. Бұдан қанша жерден ережеге күштеп таңғанмен, тіл заңдылығының оған бағынбайтынын және біздің жазу емлемізде (орфоргафиямызда) кірме сөздердің қазақ тілінің заңдылығы бойынша дыбысталуы ескерілмегенін көреміз.

Қазақ тілінде дауысты дыбыстар жуан және жіңішке болып жіктеледі де, дауыссыз дыбыстар толықтай дауысты дыбыстың ықпалында болады. Мысалы, бас деген сөзде жуан а дыбысының екі жағындағы дауыссыз б және с дыбыстары жуан езулік болып айтылса, бәс деген сөзде жіңішке езулік болып айтылады, ал бос деген сөзде жуан еріндік болып айтылса, бөс деген сөзде жіңішке еріндік болып айтылады. Яғни қазақ тілінде жуан дауыстыдан кейін жіңішке дауыссыз дыбысы айтылуы мүмкін емес. Ал орыс тілінде дауыссыз дыбыстың жуан немесе жіңішке болып айтылуы сөз мағынасын өзгерте алады, сондықтан орыс тілінде сөз мағынасын өзгертетін мұндай дыбыстарды фонема деп атайды. Қазақ тіліне келетін болсақ, сөз мағынасы олардың жуан немесе жіңішке болып айтылуына қарай ажыратылады. Қазақ тілінің осындай ерекшелігін ескерген профессор Ә.Жүнісбек: «Қазақ тілінде (түркі тілдерінде) үнді-еуропа тілдеріне тән фонема жоқ. Ендеше сол тілдерге тән аллофон да жоқ. Себебі үнді-еуропа тілдері екпінді (акцентті) тілдер, ал қазақ (түркі) тілі үндесім (сингармониялық) тіл. Түркі (қазақ) тілдерінің үнді-еуропа тілдерінің ізімен талданып жүргендігі бұған дейінгі тілтанымдағы европа-өзімшіл (европацентристік) ұстанымның басымдылығынан болып отыр» [5, 45-46],– дей келеді де, үндесім (сингармониялық) тілдер үшін сингема және аллосингема терминін қолданған жөн деп есептейді [5, 47]. Яғни қазақ тілінде тұтас буын жуан немесе жіңішке болатындықтан, жуан дауыстыдан кейін жіңішке дауыссыз келуі мүмкін емес. «Қазақ тілінің анықтағышында»: «Жіңішкелік белгісіне аяқталған көп буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады, яғни сөздің соңғы буыны жуан болса қосымша жуан, соңғы буында жіңішке дауысты дыбыс болса, қосымша жіңішке жалғанады: ла-герь+ге, ла-гер+і, банде-роль+ға, фести-валь+ға»,- деген ереже берілген [5, 32]. Бірақ мұндай сөздерге тәуелдік жалғауы жіңішке болып жалғанады және ондай жағдайда жіңішкелік белгісі жазылмайды деп ескертпе берілген [5, 32]. «Мынандай дыбыстан кейін мынандай қосымша жалғанады, бірақ мынандай дыбыстан кейін қосымша былай жалғанады» деген сияқты толып жатқан ескертпелер біздің жазу ережеміздің кемшілігі көп екенін анық байқатып тұр. Оның басты себебі, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тіліне тән емес дыбыс тіркесімдерінің көп болуында. Мысалы,  «Орысша-қазақша медициналық сөздіктің» 22-бетінде «латеральный», «вертикальный» сөздеріне қазақша  қосымша «латеральді», «вертикальді» болып жіңішке жалғанса, тура осындай дыбысқа аяқталған «горизонтальный» сөзіне қосымша «горизонтальды» болып жуан жалғанған [6, 22]. Осы сөздіктің 30-бетінде (дисталды кәрі жілік-шынтақ буыны) және 45-бетінде (қолдың тері астындағы медиалды венасы) қосымша жалғанғанда жіңішкелік белгісі мүлде алынып тасталған [6, 22]. Жоғарыдағы ережеге сүйенсек, бұл сөздерге қосымша жуан жалғануы тиіс. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Әліпбиде тілге тән емес дыбыстар болмаса, тілге тән емес дыбыс тіркесімдері де болмайды, яғни ондай сөздерге қосымша жалғауда да ешқандай қиындық тумайды.  Терминдер ғылым-білімі дамыған елдерде пайда болып, басқа елдерге таралады, ал олар өз кезегінде бұл терминдерді өз тілдеріне бейімдеп алады. Қазақ зиялылары бұл мәселені сонау 1924 жылы Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезінде-ақ» көтерген. Съезде термин сөздерді «пән сөздері» деп атап баяндама жасаған Елдес Омарұлы: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда,- оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек. Өйткені, жат сөздің асыл түбін бұзбай алсақ: Ондай сөзге қазақтың тіл келмейтұн болады; Жана қазақ тілінің заңына келмеген сөзді, оған қазақша жұрнақ, жалғаулар жалғап өзгертуге де болмайды. Ондай сөз қазақ тіліне қазақтың өз сөзіндей болып сіңісе де алмайды,– бір түрлі ерсі сөз болып қалады. Жат сөз қазақ тіліне сіңіп түбкілікті қазақ сөзі болып шығуы үшін, мағанасы түсінікті болмаса да, айтуға жеңіл, құлаққа ерсі болмауы керек. Бұл шартқа келмеген сөз қазақ сөзі бола алмайды, тек кітеб сөзі болып қана қалады. Олай болып кетсе кітеб тілі ел тілінен басқаланып шығады, кітебтің елге пайдасы болмайды»,– деп бөтен тілден сөз қабылдаудың ең дұрыс жолын көрсеткен [7, 97]. Әрине, Е.Омарұлы өзінің пікірін А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты оқулығына сүйене отырып жасаған. Қазақ жазуы, термин мәселесі туралы ойларын А.Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен «Бірінші түркологиялық съезде» жасаған баяндамасында одан әрі дамыта түсті. Ол термин жасаудың көптеген әдіс-тәсілдеріне тоқтала келе, ғылым-білімі дамыған еуропа тілдерінен термин алу мәселесіне баса назар аударды. Еуропа тілдерінен алынған терминдер қазақ тілінің заңдылығына бағынуы керек дей отырып, ол өзінің ұстанымдарын былай ашып көрсетті: «Все неказахские слова, не согласующиеся с природой казахского языка, точно должны подвергаться изменениям соответсвенно казахскому говору. Это значит, во-первых, что во всех неказахских словах, с чуждыми казакскому языку звуками, последние заменяются соответственно нужными звуками, во-вторых, суффиксы в неказакских словах заменяются казакскими, в-третьих, двойные звуки принимаются в ординарном виде, в-четвертых, чуждые казакскому языку окончания должны измениться в пределах требуемого языком удобства произношения» [2, 282-283].

Қорыта айтқанда, басқа тілдік сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындырып алу – термин жасаудың ең өнімді тәсілдерінің бірі. Бірақ бұған орыс тілінің жазылу заңдылығына негізделген, қазақ тіліне жат дыбыс-әріптермен сықа толтырылған біздің әліпбиіміз және қазақ сөзінің табиғатына сай емес емлелеріміз кедергі жасап отыр. Тіліміздің табиғатына сай келмейтін дыбыстардан әліпби ауыстыру арқылы құтылуға болады және әліпби ауыстырумен ғана шектеліп қоймай жазу ережелерімізді де түзеген жөн. Сонда термин жасау мәселесі өзінен өзі шешілетініне дау жоқ. Бұл тілдің өзіндік амал-тәсілдерін (әр түрлі жұрнақтар арқылы, сөздерді біріктіру, қосарлау) пайдаланбау деген сөз емес, тілдің ішкі мүмкіндігінің шамасы жетпегенде қолданылатын тәсіл, әрі осындай жолмен ғана қазақ тілін болашаққа таза күйде аманат етіп қалдаруға болады.

 

Әдебиеттер тізімі

1       Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. – Алматы: Ғылым, 1990. – 220 б.

2       Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. – ІV т. – Алматы: «Алаш», 2006. – 320 б.

3       Оңдасынов Н.Д. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. І т. – Алматы: «Мектеп», 1984. – 355 б.

4       Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы: Мектеп, 1965. – 592 б.

5       Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. – Астана: Елорда, 2000. – 532 б.

6       Момынов Т., Рақышев А. Орысша-Қазақша медициналық сөздік. – Алматы: ЖШС «Кітап баспасы», 2003. – 352 б.

7       Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі. – Алматы, 2005. – 144 б.

Эффективный способ передачи иноязычных слов на казахском языке

Резюме:  Данная статья посвящена проблемам медицинской терминологии, так  как звуковые особенности казахского языка не учтены в современной казахской орфографии, что затрудняет образование терминов. А также указаны пути устранения этих трудностей, адаптируя терминов фонетическим законам казахского языка.

Ключевые слова: эффективный способ передачи иноязычных терминов на казахском языке; закон сингармонизма; сочетания звуков; фонетические закономерности; правописание заимственных слов.

 

An effective method of transformation of foreign words in Kazakh language

Resume: This   article deals with the problems of  creating  medical  terminology in  Kazakh  language.  Phonetic  peculiarities  of  Kazakh  language  aren’t shown   in the update  Kazakh  orphography  that  makes  difficulties  for creating  terms.

Keywords: An effective method of transformation of foreign terms in Kazakh language;  the law of sinhermony; combination of sounds; the phonetic rules; orphography of borrings.

 

ӨЗГЕ ТІЛДІК СӨЗДЕРДІ ҚАЗАҚША ЖАЗУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ