ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА МЕДИЦИНА ТІЛІН ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ

19 Sep 2012

Суатай С.Қ., Тәттібаева А.Е.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қаақ ұлттық медицина университеті

 

Резюме  В статье рассматривается методы обучения развития речи казахского языка в медицинском вузе.

 

Түйін Медицинадағы терминдік лексика қоғам тарихымен, оның ішіндегі тіл тарихымен бірге қалыптасты.

 

Abstrakct This article discusses methods of teaching speech development of the Kazakh language in medical school.

 

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау»,- деп, қазіргі оқу жүйесінде мамандыққа қатысты оқыту мәселесіне ерекше мән беру қажеттілігі атап өтілген [1, 3].

Қазіргі кезде еліміздің экономикалық, мәдени, әлеуметтік жағдайына байланысты қоғам өмірінің барлық салаларында білімі жоғары, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, білікті те білгір, кәсіби деңгейі жоғары маман тәрбиелеу – алдымызда тұрған басты мақсат.

Елімізде білім жүйесін жетілдіруде, білім мазұнын жаңартуда, жоғары оқу орындарында мамандар даярлаудың сапасын арттыру мәселесінде отандық ғалымдардың зерттеулері мен еңбектерінің маңызы зор.

Қазақ тілін орыс тілді аудиторияларда мамандыққа қатысты оқыту мәселесі соңғы жылдары жан-жақты қарастырылып, бірнеше оқулықтар мен зерттеу еңбектері жарияланды.

Медицинадағы терминдік лексика қоғам тарихымен, оның ішіндегі тіл тарихымен бірге қалыптасты. Тарих шежіресіне үңілсек Орта Азияның атақты дәрігерлері Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина медицина терминдерінің негізін қалыптастырды.

Өзінің қалыптасуы мен даму ерекшелігіне қарай қазақ медицина терминдік лексикасының тарихы өте ертеден басталады. Бұған дәлел бұдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлының өз тәжірибесінен 1467 жылы медицина туралы жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегі.

Қазақстанда тарих пен ғылыми медицинаның революцияға дейінгі кезеңі туралы материалдарды «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1883), «Дала уалаятының газеті» (1888-1902), «Қазақ» газеті (1913-1918), «Айқап» (1911-1915) журналы сияқты мерзімді баспасөз беттерінен кездестіруге болады.

Сол кездегі оқу-ағарту мәселесімен бірге, халықтың денсаулығы туралы да көптеген жұмыстарды басқаруда Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев еңбектері ерекше болды. Ж.Аймауытов «Психология» атты еңбегінде ұлттық ғылыми психологиялық терминдерді бір ізге түсіріп, жалпы терминдер қорына енгізген. М.Жұмабаев алғашқы шыққан «Педагогика» атты ғылыми еңбегінде «қазақтың ұлттық тілінде қазақ мінездері көрініп тұрады»  деген. Тәрбиені дене, жан, ақыл, сұлулық пен әдеп деп төртке бөліп, олардың бір-бірімен байланысты жолдарын түсіндіреді.

Республикада денсаулық сақтау ісі мен медицина ғылымының интенсивті дамуы соғыстан кейінгі жылдарда ерекшеленеді. Сол жылдары медицина ғылымының дамуына атақты ғалымдар А.Н.Сызғанов, Х.А.Барлыбаев, И.К.Қарақұлов, С.Р.Қарынбаев елеулі еңбек сіңірді. 1950 жылдары дәрігер-ғалымдар Г.Тарабаева, Ш.Қарақұлов, С.Омаров «Медицина ғылымының терминдері» атты сөздікте 978 медициналық терминді қамтыған.

Қазақ тілін медициналық жоғары оқу орындарындағы арнайы мамандыққа байланысты дайындалған бағдарлама бойынша оқытудың негізгі мақсаты – медицина мамандығын меңгеруге қажетті лексикалық қорды тілдік қатынаста қатысымдық тұрғыдан жаңа технология арқылы іске асырудың амал-тәсілдерін іздестіру, оның нәтижесін көрсету.

Жаңа технологиялық амал-тәсілдердің бір түрі — модуль жүйесі. Модуль арқылы тілді меңгерудегі мақсат – студент-дәрігерлердің болашақ жұмыс жасауына тиімді тілдік материалды жинақтап, жүйелі түрде өзара сабақтастықта игеруге мүмкіндік жасау және қажетті лексикалық, тілдік материалдарды сұрыптап, топтастыру.

Бағдарламада ұсынылып, талданған мамандыққа байланысты медицина лексикасының модульдік құрылымын төмендегідей түрде беруімізге болады: Әр мамандық бойынша әртүрлі мәтіндер бойынша студенттің таным-түсінігін қалыптастыруға байланысты құрылады. Олар әр факультет мамандықтарына әр түрлі тақырыптарды өрбіту арқылы іске асыруға болады. Мысалы, жалпы медицина, стоматология, фармацевтика және т.б. мамандықтарға байланысты мәтіндерді қамти отырып беруге болады. Мысалы, стоматология факультеті студенттеріне арналған мынадай тақырыптар:

 

Модульдік оқыту бағдарламасын түзуде мынадай талаптар ескерілді:

— болашақ маман иелерін ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, кәсіби білікті маман ретінде, адамдармен сауатты қатынас жасай алатын тұлға ретінде қалыптастыруға жол ашу;

— дәрігердің қазақша тілдік қатынасты  жүйелі, тиімді меңгерудің амал-тәсілдерін жинақтау.

Модульге алынған мәтіндердің әрқайсысы белгілі бір мағына түрін көрсетеді. Мәтіндердің сұрыпталу ұстанымы халық арасында тараған аурулардың жиілігіне және әр мамандықтың ерекшелігіне байланысты анықталды. Бағдарламада игерілетін қатысым әдісінің негізі болып саналатын сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым, тілдесім) жан-жақты іске асыру тиімділігі  деңгейлік жаттығулар жиынтығы арқылы анықталды.

Медицина лексикасының толығу жолының бірі – сөздердің бірігіп келіп, жаңа сөз тудыруы. Осы мәселеге дәрігер-студенттердің назарын аудара отырып, теориялық материал нақты мысалдармен баяндалып, ғалымдар Ә.Хасенов, Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков пен И.Ұйықбаев еңбектерінен біріккен сөз туралы пікірлер қарастырылды [2, 79].

Медицинадағы лексикалық тұлғалардың жасалу жолдарын түсіндіру міндеті: сөздердің бірігуінен пайда болған жаңа лексикаларды халық арасында жиі кездесетін ауру аттары мен ауру нышандарын іріктеу.

Тапсырма: Келесi сөйлемнен бiрiккен сөздi тауып мағынасын ажырата түсiндiрiңiз.  Сiздiң тiсiңiздiң етi қабынып, қанжел ауруына ұшырағансыз.

Орындалуы: «Қан» анатомия терминi «жел» зат есiм бірiгiп жаңа сөз «қанжел» терминін тудыруда. Бірнеше жаттығуларды орындау нәтижесінде: медицина лексикасының толығу жолының бірі біріккен сөз екендігін, яғни екі сөздің бірігуінен ауру атын білдіретін медициналық лексика пайда болғанын түсініп танымдық білім алды. Тағы да бір тапсырма «Денсаулық» сөзiнiң әр компонентiнiң мағынасын талдай түсiндiрiп, дәрiгер тiлiнде сөйлем кұрыңыздар.

Орындалуы: студенттер кезектесіп «денсаулық» медицина лексикасында «денi» есiмдi сөзi үндесу заңына байланысты дыбыстық өзгерiске ұшырап, «сау» сын есімді сөзiне қосылып  үшінші бір жаңа мағыналы сөз туғызуда екенін айтып береді.  Дәрiгердiң кеңесiнде топ болып құрастырып сөйлемдер құрайды: Денсаулықты сақтау әр адамның өз қолында. Ауруды емдегеннен де, денсаулықты сақтаған жөн. Денсаулық мықты болуы үшiн құнарлы, витаминдi тамақтың пайдасы зор.  Дәрігерлерге бірнеше жаттығу ұсынудағы мақсат – синтетикалық сөздің бірігу тәсiлімен пайда болған жаңа лексикалардың iшкi заңдылықтарын көрсету.  Ізденімдік жаттығу жүргізу нәтижесінде дәрігер кеңесін құру, оны науқасқа айтып бере алу мүмкіндігі туды.

Шығармашылық тапсырма жұмысы берілген мамандыққа байланысты мәтінді  оқыту арқылы орындалады. Міндеті: тапсырма күрделі түрде беріліп, шығармашылық сипатта құрастырылған мәтін мазмұнын практикалық тілдесім әрекетіне дайындау: тiрек сөздi таба бiлiп әңгiмелету; мәтiндегi аналитикалық жолмен жасалған жаңа сөздерге талдау жасау арқылы түсiнiгiн бекiту.

Тапсырма: көкжөтел, көксау, көктамыр сөздерінің мағынасын түсіндіріп беріңіз. Орындалуы: Түбiрлес сөздер арқылы жасалған медицина лексикалары. «Көк» сын есімдi сөзiне «жөтел» (кашель), «тамыр» (вена), «сау» (здоровый) медицина лексикалары бiрiге отырып үшiншi мағынадағы жаңа лексика пайда болғанын түсіндірді.

«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп,  Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы өте зор.

Бүгінгі таңда білім беру саласында әртүрлі сипаттағы және бағыттағы инновациялар енгізілуде. Мемлекеттік деңгейде жүргізіліп, мазмұнға, ұйымдастыруға оқыту әдістері мен технологияларына жаңалықтар кіруде [3, 18]. Білім беру саласына енген жаңалықтарға мына өзгерістерді жатқызамыз:

  • оқу тәрбие мекемелерінің жаңашыл басқарылуы;
  • білімнің қоғамдағы орны және сол жүйені қаржыландыру деңгейін;
  • тәрбие және білім жүйесі құрылымын.
  • Білім беру мазмұнын, яғни оқу жоспарларындағы және бағдарламалардағы өзгерістерін:
  • оқытушы мен студент қарым-қатынастарына;
  • оқыту әдістемелеріндегі өзгерісін;
  • білім беру мекемелерінің құрал — жабдықтарындағы және ақпараттық технологияларды қолданудағы өзгерістер;
  • оқыту мекемелерінің құрылысындағы өзгерістерді жатқызамыз.

Оқытушының инновациялық іс-әрекеті – өз қызметіне жаңа технологияларды енгізу. Білім беру жүйесінде қазір технологиялардың сан алуан түрлері бар. Осыған байланысты деңгейлік тапсырмалар беруде оқытушы ең алдымен тапсырмалардың мазмұндық жүйелігіне аса назар аударуы қажет.

Аталмыш технологияны жүзеге асыруда оқытушы белсенділігі, шығармашылық ізденісі артып, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, студенттерін жеке тұлға ретінде бағалауы ерекше орын алады.

Қ.Қадашева: «Арнайы оқу мәтіні, негізінен, мамандықтары бойынша дәріс және арнайы курстар оқылатын оқулықтардағы тақырыптар негізінде құрастырылуы керек. Мұндай тұрғыдан келу үйренушілердің болашақ мамандығына жақын қазақ тілінде сөйлеуге үйрену үрдісінде мүмкіндігінше жоғары уәждеме тудырады»,- деп, мәтінді қайдан алу керектігіне бағыт-бағдар береді [4, 102].

Сонымен бірге, қазақ тілі сабағында ауыз әдебиеті материалдарын, атап айтқанда, жаңылтпаштар, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздерді пайдалану өте тиімді. Сол арқылы тіл үйренушілер қазақ халқының бай ауыз әдебиеті барлығын, оның тілінің бай да терең екендігін түсінеді. Қазақ халқының өз ұрпағын әдебиеті, мәдениеті арқылы тәрбиелегені, тілді өнер, тәрбие құралы ретінде пайдаланғанын айту ұтымды нәтиже береді. Мақал-мәтелдерде халық өмірінің сипаты, ұлттық психологиясы көрініс тапқан.

Мақал-мәтелдер студенттердің тілін ұстартып, ойын дамытады. Қазақ тілінің байлығын, сөйлем құрылысын, дұрыс сөйлеу заңын білуге, ой-өрісті кеңейтуге себепші болады. Студенттердің ой-қиялдарын шарықтатып, эстетикалық сезімдерін ұштайды, сөз байлығын молайтады.

Қазақ тілін мамандыққа бейімдеп оқытуда тіл үйренушінің кәсіби тілді терең меңгеруіне мүмкіндік туады. Мамандықтарына байланысты ой-пікірлерін сенімді және анық, нақты жеткізу дағдылары қалыптасады.

 

Әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. 1997, шілде.

2.         Нағымжанова Қ.М. Инновациялы-креативті технологиялар. — Өскемен, 2005.

3.          Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғарғы оқу орындарында қолданы. -Алматы, 2009

4.          Қадашева Қ.Қ. Казахский язык для всех. — Алматы: Ана тiлi, 1998

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ