БОЛАШАҚ МАТЕМАТИКА МҰҒАЛІМІН ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНА ДАЯРЛАУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

19 Sep 2012

 

Нұғысова А., Жолтаева Г.Н.,Стамбекова Ә.С.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті

 

Түйін  Мақалада мамандарға, оның ішінде математика мұғалімдеріне қоғам талаптары, оларды жоғары оқу орнында мектепте тәрбие жұмысын жүргізуге даярлаудың әдіснамалық негіздері баяндалған

 

Резюме  В статье излагаются методологические основы подготовки будущего учителя математики к воспитательной работе в школе

 

Abstrakct  The article Presents the methodological basis of fraining for mathematics feachers and efcicational wook fn school

 

Қазіргі кезеңдегі еліміздегі өзгерістер, экономиканы дамытудағы стратегиялық жаңа бағдар, жедел ақпараттану мен әлеуметтік даму қарқыны білім беру жүйесіне, мамандар даярлауға зор талап қояды.

Қоғам өзінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының мазмұны мен сипаттарының өзгеруіне және еңбек сапасына талаптың күшеюіне байланысты өз ісін жетік білетін және кәсіби біліктілігі биік мамандарды қажет етеді.

Дамыған елдерлің жоғары мектебі қоғам талабын қанағаттандырудың бірнеше үрдістерін қарастырады: жоғары білімді демократизациялау; ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялау түрі ретінде ғылыми-оқу-өндірістік кешендер құру; оқытуды және студент еңбегін дараландыру, білім беруді ізгілендіру; жоғары білімді компьютерлендіру; оқытушылардың кәсіби даярлығына жоғары талап қою, жоғары оқу орнында оқытушы кадрларды даярлау мен олардың кәсіби деңгейін көтеруде педагогика мен психологияның ролін көтеру және т.с.с.

Мұндай процесс әртүрлі елдерде өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне, экономикалық жағдайына, білім беру жүйесінің дәстүрлеріне қарай әртүрлі деңгейде көрініс тапқан. Біздің елімізді дамытудың қазіргі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайлары және жоғары дамыған елдердің прогресшіл тәжірибесі білім берудің мазмұнын жаңарту және мамандар даярлаудың сапасын жетілдіру қажеттілігін тудырады. Бұл қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жоғары оқу орнында және жоғары оқу орнынан кейін де білім беру саласында жоғары білікті мамандар даярлаудың жаңа тәсілдері ұсынылады. Жаңа тұрпатты мамандар даярлаудың үлгісі жүзеге асырылатын болады. Осы тұрғыдан келгенде заманауи білім берудің, яғни адамды жан-жақты дамытудың негізгі құраушылары оқыту, тәрбиелеу біртұтас болуы тиіс. Мұғалім өзінің кәсіби іс-әрекетінде бұл процестердің бөлінбейтіндігінің, олардың үйлесімді болуын қамтамасыз етудің кепілі болады және білім беру процесінің тиімділігін арттыруды көздейді. Ал білім берудің тиімділігі, табысты болуы, қоғам талаптарына сай нәтижелер алуы көбінесе оқытудың түрлерін, әдістерін және құралдарын жетілдіруге байланысты болады. Мұғалім өзінің пәнін ғана үйретіп қоймайды, ол өмірге бейімдейді, еңбекке, адамдарға қарым-қатнасқа үйретеді, адамның қоғамдағы өз орнын анықтауға – дүниеге көзқарасын тәрбиелейді.

Чехтың ірі педагог-демократы және 17 ғасырдың қоғам қайраткері, сол кездің педагогикасының негізін қалаушы демократиялық педагогиканың аса көрнекті өкілі Ян Амос Коменский болды. Балаларды оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын, принциптерін, әдістерін анықтауда мұғалім тұлғасына, оның оқу-тәрбие жұмысындағы роліне баса назар аударған. Ол мұғалім мен тәрбиешіге көп білу керек, оқыту мен тәрбиелеу ісінің шебері болуы, адал және еңбексүйгіш болуы қажет екендігін талап еткен [1].

19 ғасырдың аса ірі неміс педагог-демократы А.Дистервег [2] дамыта оқыту принциптерін және дидактикалық ережелер жүйесін аша келе, мұғалім дайындауға белгілі талаптарды негіздеді. Бірақ бұл негіздер мұғалім жүйелі түрде өздігінен білім алып, мамандығын ұдайы жетілдіріп, педагогика мен әдістемені жүйелі түрде оқып-үйренген жағдайда ғана өз күшіне ене алады деп есептеген. Сондықтан мұғалім үнемі өзінің білімін: адам және азамат ретінде жалпы білімін, ал мұғалім ретінде – арнайы білімін көтерумен шұғылдануы тиіс деп санаған. Дистервегше, мұғалімге жоғары деңгейдегі білімділік, мәдениеттілік, тәрбиелілік қажет.

Революционер-демократ Н.А.Добролюбов педагог баланы жаңа жағдайдағы өмірге дайындауы тиіс, тәрбиешілер адамның табиғатына үлкен сыйластық көзқарас танытуы керек, өзінің тәрбиеленушілерінің дамуына қамқорлық жасап отыруы қажет екендігін баса көрсеткен [3].

Мұғалім даярлау проблемасын шешуде ұлы орыс педагогы К.Д.Ущинский үлкен үлес қосты, ол мұғалімнің әлеуметтік және адами ролін ерекше атап көрсетті. К.Д.Ушинский педагогиканы тәрбие іс-әрекетінің жалпы теориясы ретінде және тәрбиелеу әдістемесін тәрбиелеу өнері ретінде қарастырды.

Білім беру ісінің аса көрнекті қайраткерлерінің мұғалім даярлаудың принциптері мен мазмұны жөніндегі идеяларының қоғам дамуының қазіргі кезеңінде жоғары педагогикалық білім берудің теориясы мен практикасы үшін маңызы зор. Олар негізін қалаған болашақ мұғалімді оқыту мен тәрбиелеудің байланысы, бірлігі принциптері, жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие жұмысын болашақ мұғалімнің біліктілігімен үйлестіру, оларды оқу жұмысына да, сонымен қатар тәрбие жұмысына да даярлау заманауи жоғары педагогикалық мектептің теориясы мен практикасында ары қарай дамып келеді.

Тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі-дүниеге ғылыми көзқарас қалыптастыру. Бұл міндетті шешуде әр пәннің алатын орны бар. Өзімізді қоршаған дүниені тануда ғылыми әдістердің қуатын көрсету үшін, ғылыми және практикалық мәселелерде абстрактылы ойлаудың маңыздылығын айқындау үшін, ғылыми ұғымдарды қалыптастыру процесін және ғылыми теориялардың пайда болуы мен дамуын анықтау үшін математиканың мүмкіндіктері өте үлкен.

Математика мұғалімі математиканы оқыту процесінде практикалық мәселелерді шешудегі сандық әдістерді білу мәселелері туралы әңгімелер өткізіп, оларға тарихтан, этнографиядан, археологиядан және экономикадан тартымды материалдарды пайдаланғаны жөн. Әрине мұндай әңгімелер оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын тәрбиелеу мүмкіндіктерінің бірі ғана. Екінші мүмкіндік – математика курсының мазмұнын, дүниетанымдық тәрбие беретіндей иллюстративтік жаттығулармен, үй тапсырмаларымен байыту. Ең алдымен математикалық білім қалай дамығандығын, математикадық ұғымдардың қалыптасу жолдарын көрсету қажет. Мысалы, адамзат қалай бірлік аясындағы бүтін оң сан  ұғымынан бірте-бірте шексіз сан қатары ұғымына көшкендігі туралы, қалай теріс сандарды, сонан соң бөлшек және иррационал сандарды енгізуге мәжбүр болғандығы жәйлі айтып беру пайдалы болады. Мұнымен сан ұғымының қалыптасу процесі тоқтамайды. Комплекс сандар  ізденістің табиғи нысаны ретінде пайда болды, үйткені оларсыз алгебралық теңдеулер жүйелерін шешу жалпы ережеден ерекше болар еді: n дәрежелі әрбір теңдеудің әртүрлі немесе тең n түбірі болады.

Математиканы оқытуды басқа пәндердің – физикамен, химиямен, географиямен, гуманитарлық пәндермен – байланыстырып оқыту математика мен оның ұғымдарының адамның табиғат пен қоғамдық құбылыстарды танудағы орнын көрсету үшін кең мүикіндіктер туғызады. Бірақ мұнда біржақты – басқа пәндердегі математиканың ролін ғана көрсетумен шектелмеу керек. Істің екінші жағын – математиканың өзі басқа ғылыми пәндердің  және практиканың әсерімен дамығандығын көрсету қажет болады. Олай болмаса оқушылардың санасында қате ой туындауы ықтимал, яғни математикалық ұғымдар мен теориялар ғалымның қиялынан пайда болған деген сияқты пікір қалыптасуы мүмкін. Дүниеге көзқарас тәрбиелеуде оқушыларды математика тарихының негізгі кезеңдерімен таныстыру аса құнды. Адамзат қалай білімсіздіктен білімділік элементтеріне және толымсыз білімділіктеен қалай толыққанды білімділікке жеткендігін ғылымның тарихына жүгінбей анықтауға мүмкін емес. Ғылымның тарихы өткен құндылықтарды түсініп қана қоймай, математиканың заманауи салаларын түсінуге де жағдай туғызады. Оқушыларды ғылымның бастауымен, оның ашқан жаңалықтарымен  таныстырудың қоғамның дамуы үшін маңызы зор. Бұл мәселе арнайы қарастыруды қажет етеді.

Жоғары оқу орнында болашақ математика мұғалімдерін мектепте тәрбие жұмысына даярлауда «Математиканың тарихы мен әдіснамасы» пәнінің орны ерекше. «Математиканың тарихы мен әдіснамасы» пәні, оның әдіснамалық негіздері жоғары оқу орнында математика мұғалімін кәсіби даярлаудың басты бөлігін құрайды. Пәннің тарихы мен әдіснамасын оқып-үйрену негізгі математикалық ұғымдарды қалыптастыру жолын, әсіресе математиканың өзінің мәнін түсінуге жол ашады.

Пәнді оқып-уйренудің мақсаты мен міндеттері – студенттердің математика ғылымы мен оның әдіснамасының даму тарихы жөніндегі білігін қалыптастыру, болашақ математика мұғалімдеріне математикалық білімнің даму тарихы жөнінде білім беріп, оны келешек кәсіптік педагогикалық қызметімен байланыстыруға дағдыландыру.

Курсты аяқтағанда студенттер математиканың даму кезеңдерін, математиканың негізгі ұғымдары мен терминдерін біліп шығады; тарихи фактылар мен мағлұматтарды болашақ кәсіптік іс-әрекетінде пайдалана алу білігін меңгереді. Болашақ математика мұғалімін мектепте математиканы оқыту процесінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мақсатында соңғы үш жылдан бері 3-курста (6-семестрде) «Математика сабағында тарихи мағлұматтарды пайдалану»  атты арнайы курсты оқу жоспарына енгіздік. Бұл курс «Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» курсының басталуымен үйлестіріліп енгізілген. Оған бөлінген кредит саны-3, барлық аудиториялық сағат саны — 90, оның 30-ы лекцияға, 15-і практикалық сабақтарға, ал студенттердің оқытушымен орындайтын өзіндік жұмыстарына — 45 сағат, өзбетімен орындайтын жұмыстарына – 45 сағат бөлінген.

Аталған арнайы курста бір семестрде 9 тақырыпты қарастыру жоспарланған. Пәнді оқып-үйренудің мақсаты мен міндеттері – болашақ математика мұғалімдерінің математика сабақтарында және сабақтан тыс жұмыстарда тарихи материалдарды қолдану білігін қалыптастыру, математикалық білімнің дамуы жөніндегі  тарихи мағлұматтарды математиканы оқыту процесінде тиімді пайдалану.

Арнайы курс мазмұнында жалпы білім беретін орта мектеп математика бағдарламасында қарастырылатын математикалық ұғымдардың шығу және даму тарихы баяндалған, олар әрбір сынып бойынша жіктелген. Бұл оқылатын материалдың жүйелілігі мен сабақтастығын қамтамасыз етеді.

«Математика сабағында тарихи мағлұматтарды пайдалану» атты арнайы курсты оқып-үйрену болашақ математика мұғалімінің кәсіптік педагогикалық қызметінде оқушылардың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру ісіне оң әсерін тигізетіндігін бірнеше жылғы тәжірибе көрсетіп отыр.

Осы пәндерді оқып-үйрену нәтижесінде болашақ математика мұғалімі оқушыларға ғылым, оның ішінде математика дүниені өзгертуге ықпал ететін, практикаға көмектесетін аса үлкен күш екендігін саналы түрде түсіндіре алады.

 

Әдебиеттер

1. Коменский Я.А. Великая дидактика. –Избр. Пед. соч. М., 1982.

2. Дистервег А. Руководство к образованию немецких учителей. –Избр.. пед. произвед. М., 1956.

3. Добролюбов Н.А. О значении авторитета в воспитании. (Мысли по поводу «Вопросов жизни» г. Пирогова). –Избр. Пед. соч. М., 1952.

4. Абдуллина О.А. Общепедагогическая подготовка учителя в системе высшего педагогического образования:Учеб. Пособие для студентов пед. ин-тов. –М.: Просвещение, 1984. –208с.

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ