БАҚ-ТАРДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ МӘТІНДЕР ТІЛІ

19 Sep 2012

Зайсанбаев Т.Қ., Канленова Б.Н., Жақсыбаева Э.О.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

 

Түйін   Мақалада бұқаралық ақпарат құралдарындағы медициналық мәтіндердің тілінде кездесетін кемшіліктер сөз болады.

 

МЕДИЦИНСКИЙ ТЕКСТОВОЙ ЯЗЫК СМИ

Зайсанбаев Т.Қ.,

Канленова Б.Н., Жақсыбаева Э.О.

Резюме   В сататье говорится о ошибках встречающихся в средствах массовой информации.

 

Abstrakct  In article is spoken about mistake meeting in facility of mass information

 

Медицина ғылымының қазақ тілінде қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) да ықпалы зор. Ғылыми еңбектерге қарағанда БАҚ-тарды тұтынушылар саны анағұрлым көп екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде медициналық терминдердің, сөздердің, сөз тіркестерінің және синтаксистік оралымдардың халық арасында кеңінен таралуына мүмкіндік береді. Әрине, ғылыми еңбектерді пайдаланушылар сол саланың мамандары болғандықтан, ғылыми мәтіндердің тілдерінде кездесетін аз-кем кемшіліктерге қарамастан, онда не айтылғаны туралы өздеріне қажетті мәліметтерді ала алады. Ал мұндай кемшіліктер медицина саласында білім алушы студенттерге мәтінді түсінуге көптеген қиындықтар келтіреді, себебі олар – әлі қалыптасып үлгірмеген, бұл саланың қыр-сырын толық меңгермеген болашақ мамандар. Орнымен қолданылған терминдер, дұрыс құрылған сөз тіркестері мен сөйлемдер ғана олардың медицина ғылымын толық әрі сапалы меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме болатын тақырып болғандықтан, біз бұл мақаламызда БАҚ-тардағы медициналық мәтіндердің тіліне арнайы тоқталмақпыз.

Өкінішке қарай, газет-жұрналдар мен теледидар, радио сияқты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты әртүрлі жұқпалу аурулардан сақтандыру мақсатында жарияланған, сондай-ақ медицинадағы болып жатқан жаңалықтар туралы мақалаларда, хабарларда тілдік кемшіліктер көптеп кездесіп жатады. Сондай кемшіліктердің бірі медицина ғылымында көптен бері қолданылып жүрген, терминком бекіткен қазақша терминдердің бұрынғы орыс тіліндегі нұсқасының қолданылуы. Мысалы, организм, орган, операция, температура сияқты сөздердің ағза, мүше, ота, дене қызуы болып аударылғанына көп болса да, кей жағдайда БАҚ-тарда олардың алғашқы нұсқасы қолданылып жүргенін байқаймыз (… адам организмі бұған қарсы тұра алмайды. «Алматы ақшамы» 10 желтоқсан, 2010 ж., №144 (4235). Жыныс органдарының қабынуы да әйелдерді бедеулікке жиі ұшыратады. «Алматы ақшамы» 24 қыркүйек, 2010 ж., №1411 (4202). … операция жасап алып тастауға тура келеді. «Алматы ақшамы» 24 қыркүйек, 2010 ж., №111 (4202). Температуралық әсері байқалмайды «Алматы ақшамы» 21 қаңтар, 2011 ж., №144 (4202).). Медициналық терминдерді қазақ тіліне аударып қолдануға қарсы болып жүрген ғалымдарымыз да аз емес. Олар бұлар халықаралық терминдер мұндай сөздерді бүкіл дүниежүзінде осылай қолданады, әрі көзіміз бен құлағымызға үйренген сөздер деген уәж айтады. Сөйте тұра олар мұндай сөздердің арғы түбі, негізінен, латын, грек  тілінен шыққанын, олардың өздері енген тілдерінде сол тілдердің заңдылықтары бойынша дыбысталатынына назар аудара бермейді.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдерде мұндай сөздер орыс тілінің заңдылығы бойынша жазылып жүр. Ал бұл жазылуда қазақ тілінің заңдылығы мүлде ескерілмеген. Жазылудың мұндай ұстанымын академик Р. Сыздықова «тарихи-дәстүрлік принцип» деп атайды да: «Тарихи-дәстүрлік принципке орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша айтылуынша емес, орыс орфографиясы бойынша жазылуы жатады»,–  деген анықтама береді [1, 9 б.]. Сөйтіп орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздерді жазу үшін енгізілген қазақ тілінде мүлде болмаған, қазақ тілінің дыбысталу заңдылғына қарама-қайшы келетін дыбыс-әріптер тілімізді байытты, тіліміз күрт дамып кетті деп бөркімізді аспанға аттық. Қазақ тіліне тән емес дыбыстардың тілімізге тигізген зиянды әсері туралы профессор Ә.Жүнісбек былай деп жазады:

«Тіл туыстығы мен тіл ұқсастығы жоқ орыс тілінің дыбыстары, біріншіден, қазақ тілінің дыбыс санын бірден көбейтіп жіберді. Екіншіден, үндесім үлгісі келіспейтін кірме сөздер көбейіп кетті. Үшіншіден, қазақ жазуының емле-ережесін күрделендіріп жіберді. Бұл – орыс тілінің тіл бұзар ықпалының негізгілері ғана» [2, 12 б]. Орыс тілінің жазылу үлгісімен енген терминдердегі қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына сәйкес келмейтін дыбыстар тіркесімі болғандықтан, қазақ тілді адамдарға оларды дұрыс дыбыстау да, жазу да қиын. Онымен қоса, терминдерге сөйлем құрамында әртүрлі жалғау жұрнақтар жалғануы тиіс. Міне осы жағынан да қиындықтар туады. Оған орысша-қазақша медициналық сөздіктердегі, медициналық оқулықтар мен оқу құралдарындағы дистальды-дистальді-дисталды; латеральды-латеральді-латералды; ракке қарсы — ракқа қарсы сияқты қосымшалар әртүрлі жалғанып жүрген сөздер дәлел бола алады. Мұндай қиындықтан шығудың бір жолы – тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдаланып, дыбысталуы қиын терминдерді қазақ тіліне аударып қолдану. Ғалымдарымыз бұл салада еңбектеніп, қазақ тіліне аударған терминдерді қолданбау – медицина ғылымы туралы қазақша хабар жүргізіп, мақала жазып жүрген жұрналшыларымыздың тілге деген салақтығын, ізденбейтіндігін көрсетеді. Қазақ тіліндегі терминдердің қалыптасуына, халыққа таралуына, халықтың құлағына сіңісті болуына БАҚ-тардың маңызы ерекше екеніндігі туралы, профессор Б.Қалиұлы: «Бұл ретте БАҚ пен сөздіктердің, оқулықтар мен оқу құралдарының рөлі зор екендігін баса айтқымыз келеді. Егер шындығын айтар болсақ, жаңадан жасалған қазақша терминдердің ары қарай қалыптасып кетуі де, болмаса бордай тозып құрып кетуі де БАҚ-тың қолында. Өйткені халықтың қолына алып күнделікті оқитыны да, жаңалық күтері де – БАҚ. Халықтың білім-тәрбие, үлгі-өнеге алары да – БАҚ. Егер БАҚ қазақша терминдерді (сөздерді) қолданса, халық сол қазақша терминдерді жаттап алады. Ал орысша терминдерді қолданса, халықтың аузы сол орысша терминдерді айтуға икемделеді», –  деп жазады [3, 40 б.].

Қазақша медициналық мәтіндерде кездесетін тағы бір кемшілік – кейбір сөз тіркестерінің орыс тілінің үлгісінде құрылуы. Мәселен, мына сөйлемге назар аударайық: «Атипті қоздырғыштармен шақырылған пневмония кезіндегі балалардың жоғары тыныс алу жолдары шырышты қабатының өзгерістері» («Шипагер», №3-4 (1360-1361), 2009 ж.). Бұл сөйлемдегі « атипті қоздырғыштармен шақырылған» деген сөз тіркесі орыс тіліндегі «вызванные атипичными вирусами» деген сөз тіркесінің сөзбе-сөз аудармасы. Қазақша бұл сөйлем: «Атипті қоздырғыштар әсерінен болған пневмония кезіндегі балалардың жоғары тыныс алу жолдары шырышты қабатындағы өзгерістер» болуы керек еді. Автор пневмонияның «атипті қоздырғыштар әсерінен болғанын» және осы ауру кезінде балалардың жоғары тыныс алу жолдарындағы «шырышты қабатындағы болатын өзгерістері» жайлы айтқысы келген сияқты. Бірақ сөйлем орыс тілінің үлгісімен құрылғандықтан, мақала иесінің ойы түсініксіз болып қалған. Орыс тіліндегі синтаксистік оралымдарға, орыс тіліндегі сөз тіркесіне байланып қалу – орысша ойлап, қазақша мақала жазатындардың сөйлем құрауында көп кездеседі. Мысалы, «бас миы», «жілік миы», «бас шаштары», «аяқ саусақтары» деген сияқты сөз тіркестері қазақ тілінде «ми» сөзінің тек бастағы миға, сондай-ақ «шаш» сөзінің адамның басындағы түкке ғана қатысты айтылатынын, ал жіліктің ішіндегі қоймалжың заттың атауы «жілік майы» екенін білмейтін, яғни қазақша сөздік қоры аз адаманың сөз саптасы десек артық айтқанымыз болмас. Осындай орыс тілінің заңдылығымен орашолақ құрылған бірнеше сөз тіркесіне тоқтала кетейік. Мысалы: «… ұзақ уақыт болғандығы туралы айғақтайды, «… өкпедегі физикальды өзгерістер», «…ядролардың ұлғаюымен көрінеді», «…атипті қоздырғыштармен байланысты пневманиямен ауырған балалардың …» («Шипагер», №3-4 (1360-1361), 2009 ж.), «Олар қиын алынады» («Шипагер», №5 (1355), 2008 ж.).

Теледидар мен радиоларды жарнамалар алдымен орыс тілінде жазылып, одан соң қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Мысалы: «Активианы екі апта бойы ішуге сұрадық», «Қазақстан Республикасы стоматологтар ассоциясымен ұсынылған» сияқты жарымжан аудармалар қазақ тілінің грамматикалық құрылымынан хабары жоқ адамдардың ісі. Сондай-ақ дене мүшелеріне қатысты кейбір атаулардың әр тілде әрқалай айтылатынын жақсы білмеу де кейде қателіктерге алып келеді. Мысалы  орыс тілінде «пальцы» сөзі аяққа да, қолға да қатыста айтылса, қазақ тілінде қолдағылары «саусақ», аяқтағылары «башпай» деп айтылады. Ал тіліміздің осы артықшылығын білмегендіктен болар, медициналық мәтіндерде «қолдың саусақтары», «аяқтың саусақтары» сияқты сөз тіркестерін кездестіреміз.  Бұл – қазақ тілінің сөздік қоры орыс тілінікінен артық болмаса, кем емес екенін көрсетеді.

Енді мына мысалдарға назар аударайық: «Пневмонияны емдеуде және пневмониядан болатын жалпы өлімшілдікті төмендету мақсатында жүргізілген үлкен жұмыстарға, жетістіктерге қарамастан, бұл құбылыс медицинаның осы күнге дейінгі өзекті мәселесі болып отыр». «Тыныс алу ағзаларының ауруы елімізде аурушылдықтың жалпы құрылымында жетекші орын алады» («Шипагер», №3-4 (1360-1361), 2009 ж.). Осы мысалдардағы «өлімшілдік», «аурушылдық» сөздері орыс тіліндегі «смертность», «заболеваемость» сөздерінің аудармасы. Қазақ тілінде «өлімшілдік», «аурушылдық» деген сөздердің жоқ, яғни зат есімге сын есім тудырушы жұрнақтар үстемелеп жалғанбайды. Бұл сөздерді «өлім-жітім», «ауру-сырқау» деп қос сөзер арқылы беруге болар еді. Яғни, «Түркі тілдеріне тән осы бір ерекше құбылысқа, сөздерді қосарлап қолдануға жеткілікті дәрежеде мән берілмей келеді. Қазақ тілін басқа өркениетті елдердің тілімен терезесі тең, ғылым тілі қылу үшін, ана тілімізге тән барлық амал-тәсілдерді пайдалану қажет» [4, 61 б.].

Ғылыми болсын, ғылыми-танымдық мәтіндерде болсын тыныс белгісі де айтарлықтай рөл атқарады. Дұрыс қойылмаған тыныс белгілері сөйлемдегі ойды қабылдауға ауырлық туғызады. Мысалы: «Бастысы – «Доңыз тұмауы» жұғымтал кесел» («Алматы ақшамы», №135 (4226), 2010 ж.). Бұл сөйлем «Ең бастысы «Доңыз тұмауы» – жұғымтал кесел» болып жазылуы тиіс еді. Бұл жерде бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша өз орнында тұрған жоқ. Бұл сөйлемде «Доңыз тұмауы» бастауыш «кесел» сөзі баяндауыш. «Бастауыш та, баяндауыш та атау тұлғалы зат есімнен болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады» [1, 21 б.] деген қағиданы ескерсек, сызықша «доңыз тұмауы» сөзінен кейін қойылуы керек еді.

Бастауыш тұйық етістіктен (қимыл атауынан) болып, баяндауыш атау тұлғалы зат есімнен болса да бастауыштан кейін сызықша қойылады. Осы ереже де кейде ескерілмей жатады. Мысалы: «Бедеулікті емдеу медицинадағы күрделі мәселелердің бірі». («Алматы ақшамы» 24 қыркүйек, 2010 ж., №111 (4202)). Бұл сөйлемде сызықша «емдеу» сөзінен кейін тұруы тиіс.

Аурудың белгісін, түрін сипаттауда әр тілдің өзінің қалыптасқан ерекшелігі болады. Бұларды бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аударуға болмайды. Мысалы, қазақ тілінде «жүрегі айну» сөз тіркесі «құсқысы келу» деген мағына береді. Бір қарағанда «жүрек» пен «құсу» сөзінің мағыналық байланысы жоқ болса да, қазақ тілінде «құсқысы келу» деген осылай беріледі. Қазақ тілінде сөйлейтін адам солай түсінеді де. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған осындай сөз тіркесін өзгертіп қолданушылар да бар екенін көріп қаламыз. Мысалы, осы ұғымды «Алматы ақшамы» газетінде «асқазаны айну» деп қолданыпты». («Алматы ақшамы» 24 қыркүйек, 2010 ж., №111 (4202)). Бұны «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды» демеске амал жоқ.

Қорыта айтқанда, медицина ғылымын дамыту үшін терминологиялық сөздіктер түзу жеткіліксіз. Бұл терминдер әртүрлі ғылыми, ғылыми-танымдық мәтіндерде кеңінен қолданылуы керек. Сонда ғана бұл терминдер халық арасына тарап, жалпыхалыққа түсінікті сөзге айналады. БАҚ-тарда қолданылған сөздер, сөз тіркестері, синтаксистік оралымдар, сөйлемдер халыққа жолбасшы болатындықтан, бұған жауапкершілікпен қарау керек екенін естен шығармаған жөн.

 

Әдебиеттер

  1. Сыздықова Р. Қазақ тілінің анықтағышы. – Астана: Елорда, 2000. 532 б.
  2. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009. – 312 б.

Б.Қалиұлы. Қазақша термин жасау мәселесі және оны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлі. Жинақта: Қазақ терминологиясы және Бұқаралық ақпарат құралдары. Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. –Астана: 2003 ж. – 128 б.

  1. Зайсанбаев Т.Қ. Қос сөздердің медициналық атау ретінде қолданылуы. Жинақта: –Медицина денсаулық жылдарында. –Алматы. 2002. – 169 б.

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ