«CONCORDIA» театрында өткен кездесу.




01.10.2013

2013 ж. 27 қыркүйек күні С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық  медицина университетіне мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Байменов келген еді. Университеттің «CONCORDIA» театрына жиналған студенттермен кездесу өткізген агенттік төрағасы ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына тоқталып, оны жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан шараларды баяндады.

Бұл кездесуде не айтылды, қандай мәселелер қаралды?! Өзінің сөзінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Жолдаудың маңыздылығын айта кетіп, жаңа тарихтың куәгері болып жатқанымызды қуана хабарлады. Бұл жолдау қалыптасқан мемлекеттің жолдауы және алдағы уақытта дамыған 30 мемлекет қатарына қосылуға тікелей жол деген сөзімен кездесуді тиянақтады.

Университет ректоры, профессор А.А. Ақанов Елбасы Жолдауын толық зерделеп қарағанын және  жолдауға аса көңіл бөлу керектігін айтып өтті.

Кездесуге арнайы келген қонаққа сұрақтар қойылды. Жай ғана сұрақтар емес, көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелер. Ол келешек жастардың болашағы, оларды жұмыспен қамту, тәуір мамандарды дайындау т.б. Қазіргі қоғамның әлсіз жері де айтылды. Ол жемқорлық. Бұл сұраққа Әлихан Байменов қарапайым жауап берді. Жемқорлықтың қоғамды кері тартатынын және оған қарсы бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын айта кетті. Әрине, жемқорлық алдыменен адамдық тұрғыдан  түзелуі керек. Әр адамда ар-ұят, патриоттық сезім, адамгершілік қасиет болуы тиіс. Университетіміз бұл дертке қарсы түрлі шараларды ұйымдастырып келеді.

Студенттер мен қызметкерлерге толы «CONCORDIA» театры, күні бұрын ерекше дайындықпен ұйымдастырылған іс-шара, әр қадамды бақылап отырған оператор.Бұның бәрі ресми түрде болғанмен, кездесу  ашық әрі түсінікті реңкте өтті. Қонақтың оқылған өзекжарды баяндамасы көрермендердің жүректерінен орын таба білді. Еліміз қазір қай бағытта келе жатыр, алдымызда қандай мақсаттар қойылғаны туралы кездесуге келген қонақтар, оқытушылар өз ойларын білдірді.

Бұл кездесу көпшілікті ҚР Президентінің  «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын кеңірек қарауға көмектесіп, көкейтесті мәселелерді қамти білді.

ӘТЖЖБ маманы Б.Сұлтанбек