Студенттер назарына!




11.01.2013

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының  №47 «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі» бабының  17 тармағына сәйкес

17. Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгiленген квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргенннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша білім алушы азаматтар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік медицина ұйымдарында жұмысты өтеуге міндетті.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуын бітіргенннен кейін жоғары оқу орындарында немесе ғылыми ұйымдарда кемінде үш жыл жұмысты өтеуге міндетті.

Осы тармақта аталған адамдардың жұмысты өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеуіне мониторингті және олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті орган сенім білдірген агентке жүктеледі.

17-1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарына және мемлекеттік медицина ұйымдарына жұмысқа бірінші кезекте бөліну құқығына мыналар ие:

1) жұбайы (зайыбы) бос орынды ұсынған елді мекенде немесе оған жақын орналасқан елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін адамдар;

2) ата-анасының біреуі немесе екеуі де І және ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын адамдар, сондай-ақ бос орынды ұсынған елді мекенде қорғаншылар және қамқоршылар тұрақты тұрғындар болып табылатын адамдар.

17-2. Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босату жас мамандарды жеке-жеке бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен мынадай санаттағы жас мамандарға:

1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде не жақын орналасқан елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға;

2) І және ІІ топтағы мүгедектерге;

3) одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдарға;

4) жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі.

17-3. Оқумен байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстар өтелместен, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуы:

1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;

2) тиісті құжатпен расталатын білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;

3) жұмысты өтеу мерзімі ішінде І және ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда;

4) осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылуына байланысты басталады.

17-4. Осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті.