Парасатты адам




29.12.2011

Қазақ Ұлттық медицина университетінің ұжымы отандық денсаулық сақтаудың алтын қорының өкілі – Сәтпаева Ханиса Қанышқызын 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, тіршіліктің қызығына бөленіп, аман-есен ортамызда жүруін тілейді!

2011 жылғы 23-желтоқсанда сағат 10.00-де Қазақ Ұлттық медицина университетінің Даңқ залында Медицина ғылымының докторы, профессор Х.Қ. Сәтпаеваның 90 жылдық мерейтойына арналған «Физиологияның, медицинаның және педагогиканың өзекті сұрақтары» деп аталатын» республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара барысында ҚазҰМУ ректоры Айқан Ақанов, ҚР ҰҒА  академигі Рақышев А.Р., ҚР ҰҒА  академигі Тәшенов Г.Г., академик Дүйсембин К.Д., проф. Котова А.Л.,  «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Жампейісова Қ.К., емдеу ісі факультетінің деканы Балмұханова А.В., ортопедия және травматология кафедрасының меңгерушісі проф. Сұлтанбаев Т.Ж., молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі проф. Қуандықов Е.У. құттықтау лебіздерін білдірді.

Жиналған қауымға Х.Қ.Сәтпаеваның ғылыми-педагогикалық қызметі туралы бейнефильм көрсетілді. Ханиса Қанышқызының бүкіл ғұмыры Қазақ Ұлттық медицина университетімен тығыз байланысты болды. Оның еңбек кітапшасында тек бір ғана жазба бар – АММИ (кейін ҚазҰМУ).

 

Сәтпаева Ханиса Қанышқызы Жезқазған облысының Қарсақпай жұмысшы ауылында туылып, осы жерде мектепті үздік тәмамдады да, 1939 жылы медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, өзінің балалық арманын жүзеге асырды.

1943 жылы Ханиса Сәтпаева Қазақ мемлекеттік медицина институтын үздік бітірді, сосын ол қалыпты физиология кафедрасының ассистенті болып тағайындалды. Оның жеке мансабы аталған институттың дәл сол кафедрасынан бастау алып, әрі қарай осы жерде жалғаса берді. 1949 жылы ол кандидаттық, 1968 жылы докторлық қорғады, 1970 жылы профессор атағын алды. 1974 жыл мен 1991 жыл аралығында АММИ-дің алдыңғы қатарлы кафедраларының бірі – қалыпты физиология кафедрасын басқарды. 1999 жыл мен 2005 жылдар аралығында валеология курсын басқарды.   Ханиса Сәтпаева валеологияның негізін қалаушылардың бірі. Бұл жұмыс әдістеме дайындау мен мемлекеттік және орыс тілдерінде валеологиядан оқулық шығарудан басталды. Ханиса Қанышқызы медициналық және педагогикалық ЖОО арналған алғашқы типтік бағдарламаның авторы болып табылады. Әрі ол орта мектептерге арнап валеология бойынша ұсыныстар әзірлеп шығарды. Проф. Сәтпаева Х.Қ. физиологияны қазақ тілінде оқытуды ұйымдастыру жөнінде орасан мол қызмет атқарды. Осы мақсатты түрде жасалған еңбектің нәтижесінде 1994 жылы физиологиядан оқу-әдістемелік құрал басып шығарылды. Ал келесі жылы медициналық және педагогикалық ЖОО арналған «Адам физиологиясы» оқулығы шықты. Осы еңбегі үшін Ханиса Қанышқызы А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталды. Келесі жылдары да осы оқулықтың жұмыстары әрі қарай жалғастырылып, 2005, 2008 жылы жаңа, қайта өңделген басылымы шығарылды.

Ханиса Қанышқызының жетекшілігімен докторлық және кандидаттық диссертациялар  қорғалды.

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай еліміздің дамуына қосқан орасан үлесі үшін Ханиса Сәтпаева Парасат орденімен марапатталды. ҚазҰМУ ректоры Айқан Ақанов және академик Төрегелді Шарманов бастаған ҚазҰМУ қызметкерлерінің делегациясы Ханиса Қанышқызын мерейлі мерейтойымен құттықтап, ұлы марапатын апарып берді.

Айқан Ақанов айтпақшы, «Ханиса Қанышқызы – ол тұтас бір дәуір. Ол қазіргі елімізге ізін берік салып кеткен тұлға. Біз мұндай адамдарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек…»

«Физиологияның, медицинаның және педагогиканың өзекті сұрақтары» ғылыми-практикалық конференциясының баяндамалары 


1.    Е.К. Мақашев – Қазақстан Республикасындағы физиология ғылымының инновациялық зерттеулері
2.    Х.К.Сәтпаева, А.Д.Соколов, М.И.Әлібеков, З.С. Абішева, М.К. Қанқожа  – Валеология курсымен қалыпты физиология кафедрасындағы ғылыми-зерттеу жұмысы.
3.    С.Т. Төлеуханов – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инновациялық оқытудың талаптарына сәйкес биомедицина және биофизика саласы бойынша мамандар дайындау

4. Ф.А.  Миндубаева – «Жалпы медицина» мамандығының студенттеріне жүрек-қан тамырлары жүйесін оқыту мәселесі туралы

5. М.А. Абирова, Е.А.Славко – «Жалпы медицина» және «Стоматология»  мамандығы бойынша оқу процесін ұйымдастырудағы кредиттік-модульдік жүйе

6. Г.А. Демченко – Аллоксан диабеті кезінде лимфалық түйіндердің тасымал қызметін түзету тәсілі

7. А.Б. Еланцев – Төменэнергетикалық сәулелену ықпалының физиологиялық-биохимиялық механизмдері

8. М.Б. Жангелова – Зертханалық медицина қауымдастығының кәсіпқойларының жұмыс тәжірибесі

9. Т.Ж. Батырова – қызметтік ассиметрияның әртүрлі түрлері бар адамдардың жүктемелерге бейімделуін зерттеу

10. Ф.К. Балмағанбетова – Гипоксиялық күй кезіндегі когнитивтік қызметтің ерекшеліктері

11. Н.Р. Баркибаева – бауырдың созылмалы аурулары кезінде аурудың өту ауырлығын және жағымсыз нәтижені болжайтын клиникалық-эпидемиологиялық және иммундық генетикалық факторлар

12. Ш.А. Балгимбеков – заманауи білім беру жағдайларында қимыл белсенділігі әртүрлі деңгейдегі студенттердің эритроцит жарғақшаларының резистенттілігін зерттеу

13. Г.М. Жармаханова – «Шүкір май» полифит майының хроммен улану кезінде ұрық жасушаларының генетикалық құрылымына ықпалы

14. Л.М. Сырлыбаева – «Шүкір май» полифит майының хром мен бордың құрама әрекеті кезінде доминантты өліммен аяқталатын мутациялардың жиілігіне протекторлық әсері