ЖАЛПЫ МЕДИЦИНА ФАКУЛЬТЕТІНДЕГІ «БОЛАШАҚҚА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КЕШ




28.10.2013

Жалпы медицина факультетінің 2 курс студенттері оқуға жаңадан келген 1 курс студенттерін жылы лебізбен қарсы алып, жаңа өмірге жол болсын айтудың факультет деңгейіндегі мақтан тұтар өз дәстүрі бар. Ол – факультет күнінде өтетін  Қарсы алу кеші! Әдеттегідей Қарсы алу кеші биылғы жылы да, Факультет күнінде яғни 21 жұлдызында университет театрында өтті. Мерекелік кештің алғашқы қонақтары – жалпы медицина факультетінің 1 курс студенттері, факультет деканы Р.Т.Джумашева, факультет декандарының орынбасарлары, факультеттің профессорлары мен оқытушылары, әкімшілік қызметкерлері.

Жалпы медицина факультеті 2007 жылы құрылды. 20 қазан – жалпы медицина факультет күні деп жарияланды. Бұл күн университетіміздің алғашқы ректоры С.Ж.Асфендияровтың туған күні. С.Ж.Асфендияровтың 120 жылдығына орай, яғни 2009 жылы «Асфендияров» медалі жасалды, ол медаль Әр жыл сайын факультет күнінде өтетін 1 курстарды «Қарсы алу кешінде» мамандығына  шын берілген; медицина саласына зор үлес қосқан; Қазақстан және әлемдік медицинаның рухани құндылығын сақтай білген; факультет пен университет дамуына үлес қосқан; факультеттегі оқу үздігі, белсенді студентке табысталып келеді.

2009 жылдан бастап осы медальмен университ ректоры А.А.Аканов, осы университетті үздік бітірген, әскери-медициналық академияның ректоры Б.В.Гайдар, 5 курс студенті, президенттік шәкіртақы иегері М.А.Кулмаганбетовке берілді.

Таңдауды студенттердің өзі жасады және жыл сайынғы дәстүрге орай факультеттің 2 курс студенттері осы жылдың қыркүйек айының 24 жұлдызынан қазан айының 19 жұлдызы аралығында «С.Ж.Асфендияров» атындағы медаль иегерін анықтау үшін интернет жүйесі көмегімен электронды дауыс беру арқылы конкурс жүргізген болатын.

Студенттер өз таңдауын жасады. 2013 жылға кезекті «С.Ж.Асфендияров» медалінің иегері анықталды. Ол – молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Есенкелді Өсербайұлы Куандыков.

«Болашаққа алғашқы қадам» атты мерекелік кеште медаль иесіне табысталды. Профессор Е.У.Куандыков:

–                Барлық алған атақ, сый-құрметтерімнің ең маңызды, мен үшін ең қымбат студенттердің берген бүгінгі бағасы. Мен үшін және менің кафедрам үшін студенттердің жоғары бағалауы біздің еңбегіміздің жанғаны деп санаймын. Студенттердің сенімін ақтауға, одан әрі де бар ынтамызбен еңбек етуге күш салатынымызды айтқым келеді – деп  алғысын білдіріп, сөз сөйледі.

Профессор Е.У.Куандыковтың сөзінен соң 2 курс студенті Дукенбаева Улпан профессордың құрметіне ән шырқады.

Содан кейін университеттің көп тілділік бағдарламасын негізгі ала отырып, қазақ, орыс және ағылшын тілінде 2 курс студенттерінің шығармашылығымен түсірілген бейне-қойылым көрсетілді.

1 курс студенттеріне 2 курс студенттері дайындаған шағын сыйлықтар табысталды. Викториналық сұрақтар қойылып, жауап берген білімді студенттер де сыйлықтарға ие болды. Кеш 2 курстың талантты студенттері қобызшы Олжабек Еңлікжан, домбырашы Болсын Әсел, әншілер Әбдәлімова Жадыра, Фрайдун Фаряд, Орынбасар Шаттық, Рахмет Ермек, көңілді жігіттеріміз «Жайдарлы жандар» және «Флеш моб» бишілер тобының өнерлерімен жалғасты.

Осы кештің ұйымдастырушылары 2 курстың барлық студенттеріне, лек және топ старосталарына, әсіресе Әбдіманапов Абылай, Өтеген Сұңғат, Шнарбаев Шыңғыс, Турдиева Мухаббат, Байдулла Қарлығаш, Тасу Марат, Қайыпбек Гүлзира, Есенова Сабинаға, 2 курс бойынша «TOP-20» жігіттері мен қыздарына, кештің сценарий авторлары және кештің жүргізушілері Қасейқызы Әсем, Якупов Мухиддин мен Кенжебек Ақсұңқарға  және тағы басқаларына жалпы медицина факультетінің деканы Р.Т.Джумашева және 2 курс бойынша жауапты декан орынбасары К.Т.Кашаганова үлкен алғысын білдіреді.

 

 

 

Жалпы медицина факультеті деканының

2 курсқа жауапты орынбасары                                                         К.Т.Кашаганова

24.10.2013 ж