Жалпыуниверситеттік «Тілдарын-2013» олимпиадасы




01.10.2013

2013 жылдың 28 қыркүйегінде С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Даңқ залында Тілдік даярлық орталығы мен шет тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен ҚазҰМУ-дағы үштілдік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес және  «Қазақстан халықтарының тілдер күні» мерекесіне орай 1-2 курс студенттері арасында жалпыуниверситеттік «Тілдарын-2013» олимпиадасы өткізілді. Олимпиадаға оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Қ.А.Тулебаев, академиялық жұмыстар жөніндегі департамент директоры М.А.Абирова, жалпы білім беру пәндері департаментінің директоры М.С.Сарыбаев, тілдік даярлық орталығының директоры Н.А.Төлеева, шет тілдер кафедрасының меңгерушісі О.Я.Сүлейменова және шет тілдер кафедрасының оқытушылары мен студенттер қатысты.

Олимпиаданы құттықтау сөзімен  оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Қ.А.Тулебаев ашты. Кейін өзінің құттықтаулары мен олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп шет тілдер кафедрасының меңгерушісі О.Я.Сүлейменова сөз сөйледі. Мұндай іс-шаралардың өтуі студенттердің тілдік құзыреттіліктерін арттыруға ықпал етеді, яғни халықаралық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті және еңбек нарығында жоғары тәжірибелі, білікті маман даярлауда маңызы орасан зор.

Әділқазы алқасы қатысушылардың жұмысын  5 балдық жүйе бойынша анықтады және келесідей шарттарды басшылыққа алды:

  • 3 тілде еркін қарым-қатынас жасай алу;
  • берілген материал бойынша  шығармашылық тұрғыда жауап;
  • мәтіннің мазмұндылығы;
  • шешендік  қабілеттің болуы, сөйлеу мәнерінің  дұрыстығы және лексикалық қорының байлығы;
  • слаидпен, суреттермен жұмыс жасай алу және презентацияны таныстыру, басқа да  ақпараттық материалдарды ұтымды қолдана білуі.

Әділқазы алқасының шешімі бойынша жалпыуниверситеттік «Тілдарын-2013» олимпиадасының бас жүлдесі жалпы медицина мамандығының  (13-032) 1 курс студенті  Абдулина Диана, 1-орын стоматология мамандығының (13-007) 1 курс студенті Ганиев Рустамға, 2-орын жалпы медицина мамандығының  (13-004) 1 курс студенті Тілеуқұл Нұрлыайнаға, 3-орын жалпы медицина мамандығының (12-041) 2 курс студенті Құрбанмұратова Айларға берілді.

Көпұлтты мемлекетіміз үшін бұл мерекенің орны ерекше. Әр ұлт баласының басын қосып, болашақ тұғырының берік, алдаспанының бақыты-халықтар достастығын нығайтудың дәнекері болып табылатын тіл мерекесі, еліміздегі дәстүрлі аталып өткізілетін іс-шаралардың біріне айналған.