«Ана тілім- айбыным» атты студенттік конференция




09.10.2013

2013 жылдың қазан айының 3 жұлдызында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде  «Ана тілім- айбыным» атты тақырып аясында студенттік конференция өткізілді.

Конференцияны   Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы ұйымдастырды. Кештің басты қонағы   ретінде                            ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік сыйлығының  лауреаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық  жыр-мүшәйралардың  жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің  лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, ақын Қалқаман Сарин шақырылды.

Конференция бағдарламасы Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранымен басталып, кешті ашу құрметі «Жалпы білім беру пәндері» департаментінің директоры, доктор phD М.С. Сарыбаев мырзаға берілді.            Сөз кезегін өзінің өлең шумағымен жалғастырған ақын қонағымыз Қалқаман Сарин болды.

Конференция барысында Жалпы медицина факультетінің 2 курс студенті Уалихан Қарлығаш «2050 стратегиялық бағдарламасындағы тіл саласындағы жоспарлар» атты баяндамасы оқылды.  Кеш кезегі Қалқаман Сариннің шығармаларының үзінділерімен жалғасын тапты.

Ақын  ағамыздың өлең шумақтарын жалпы медицина факультетінің            2-курс студенттері: Сыдық Нұр-Ислам  «Тәуелсіздік», Қалдыбай Жұлдызай «Анашым», Алдияров Ержан «Туған ауыл», Алихан Әбдрашит «Дала», Байназова Сания «Ертістің бойы», Ақылбек Бақытжан «Әдеп», Шахзандаева Ализа «Астана», Алдияр Гулзат «Шерлі домбыра», Лайық Ұлжан «Ауылға бардым» мәнеріне келтіріп, кеш қонақтарының жүрегіне жеткізе білді.

Сонымен қатар кешке Қалқаман Сариннің  әріптестері  «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Алмат Исәділ мен жас ақын Бауыржан Әліқожа қатысып,  студенттерге жүрек жарды сөздерін айтып, жыр шумақтарын арнады.

Кештің сәнін келтіріп қазақтың ұлттық нақышымен нұрландыра білген жалпы медицина факультетінің 2-курс студенттері Кенен Әзірбаевтың «Бастау» термесімен Данайбаева Алтынай және Қобызда Ықыластың күйі «Жезкиік» атты өнер туындысымен  Олжабек Еңлікжан өнер көрсетті.

Жастардың құрметіне ие болған ақын Қалқаман Сарин ағамызбен кездесу студенттерді қуантып, көкейлерінде жүрген сұрақтарды қоюға мүмкіндік берді. Осы сәтте ақынға студенттер тарапынан көптеген қызықты сұрақтар қойылып, сол сұрақтардың біріне жауап ретінде ақынның қоңыр дауысына тәнті болып, жаңа қырларын тани білдік.

Кеш соңында қонақтарымызға кафедра атынан сыйлықтар табысталып, студенттер тарапынан Қалқаман Саринге авторлық портрет пен гүлшоғы тарту етілді.

Конференцияның жабылу сөз кезегі Қазақстан тарихы және        әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы меңгерушісі ф.ғ.к., доцент   З.У. Бисембаеваға берілді.

«Ана тілім- айбыным» атты конференция студенттерге қазақ тілінің қадір қасиетін ұғынуға, өз тілімізге деген құрметті поэзия арқылы жеткізе білуге мүмкін берді. Қазақ тілі мемлекетіміздің тұғыры, сол себепті қазақ тіліміздің дамуы мемлекетіміздің өркендеуі.

Осы студенттік конференцияны ұйымдастырған тәрбие ісіне жауапты: т.ғ.к., аға оқытушы Н.К. Дюсеноваға, оқытушы М.И. Исаеваға және де кеш қонақтарына студенттер тарапынан үлкен алғысымызды білдіреміз.

 

                                                   2 курс ЖМ факультетінің студенттері.

SAM_5157

SAM_5206

SAM_5222

SAM_8063