Қазақстан Республикасы  Үкiметiнiң

 2012 жылғы 19 қаңтардағы

 № 111 қаулысымен

 бекiтiлген

 

Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгi қағидалары

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгi қағидалары (бұдан әрi – Үлгi қағидалар) «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзiрленген.

2. Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарына жалпы орта, техникалық және кәсiптiк (бастауыш және орта кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi) және жоғары (жоғары кәсiптiк) бiлiмi бар тұлғалар қабылданады.

3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсушi тұлғаларды қабылдау мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын (бiлiм беру грантын) орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа да көздер есебiнен оқуға ақы төлеуi арқылы жүзеге асырылады.

Әскери оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларға және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға егер олар осы деңгейде бiрiншi рет бiлiм алатын болса, мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқық берiледi.

Шетелдiктердiң мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алу құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.

4. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсушi тұлғаларды қабылдау ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң (бұдан әрi — ҰБТ) немесе кешендi тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негiзде олардың өтiнiштерi бойынша жүзеге асырылады.

5. Кешендi тестiлеу өткен жылдардағы жалпы орта бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерi, техникалық және кәсiптiк (бастауыш және орта кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi) бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерi, ҰБТ-ға қатыспаған, халықаралық оқушылармен алмасу желiсi бойынша шетелде оқыған жалпы бiлiм беретiн мектеп бiтiрушiлерi, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бiтiрушiлерi, сондай-ақ оқу орнын шетелде бiтiрген тұлғалар үшiн өткiзiледi.

6. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсушi тұлғаларды ақылы негiзде оқуға қабылдауды жоғары оқу орындары жүзеге асырады.

Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмi бар (колледж) тұлғаларды жоғары оқу орындарына ақылы негiзде қысқартылған мерзiм бойынша ұқсас мамандықтарға оқуға қабылдау кешендi тестiлеу нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.

Ұқсас мамандықтар тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.

Жоғары бiлiмi бар тұлғаларды жоғары оқу орындарына ақылы негiзде қысқартылған мерзiмге оқуға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

7. Шетел азаматтарын мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде бөлiнген квота бойынша мемлекетаралық келiсiмдер негiзiнде құрылған халықаралық жоғары оқу орындарына қабылдауды жоғары оқу орындары дербес жүзеге асырады.

Шетел азаматтарын ақылы негiзде жоғары оқу орындарына қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өткiзетiн әңгiмелесу түрiнде жүзеге асырылады.

8. Жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiммен бекiтiлген мөлшерде қабылдау квотасы белгiленедi.

Ауылдық бiлiм беру ұйымдарын бiтiрген тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы белгiленген бакалавриат және жоғары арнайы бiлiм мамандықтарының тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.

9. Мемлекеттiк құпиялармен жұмыс iстеудi талап ететiн жоғары бiлiм берудiң жекелеген мамандықтары бойынша мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша оқуға қабылдауды ұлттық қауiпсiздiк органдарының рұқсаты бар бiлiм беру ұйымдары жүзеге асырады.

10. Арнайы немесе шығармашылық даярлауды талап ететiн мамандықтарға (бұдан әрi — шығармашылық мамандықтар) қабылдау арнайы немесе шығармашылық емтихандар (бұдан әрi — шығармашылық емтихандар) есебiнен жүзеге асырылады. Шығармашылық мамандықтар тiзбесi және арнайы немесе шығармашылық емтихандар өткiзу тәртiбi бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның бұйрығымен бекiтiледi.

Шығармашылық мамандықтарға өтiнiштердi қабылдауды 20 маусым мен 1 шiлде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргiзедi.

Шығармашылық мамандықтарға түсетiндер бiр ғана шығармашылық мамандықты көрсетедi.

11. Шығармашылық мамандықтарға түсетiндер өздерi таңдаған жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өткiзетiн шығармашылық емтихан тапсырады. Шығармашылық емтихандар саны — екеу.

Шығармашылық емтихан 2-7 шiлде аралығында өткiзiледi.

Шығармашылық емтихан бойынша ең жоғарғы балл саны — 25.

Шығармашылық емтихан бойынша 10 балдан төмен алған немесе емтиханға келмеген тұлғалар осы мамандыққа түсу үшiн кешендi тестiлеуге жiберiлмейдi.

Шығармашылық емтиханды қайта тапсыруға рұқсат етiлмейдi.

Шығармашылық мамандықтарға түсетiн тұлғалар үшiн тестiлеудiң мынадай екi пәнi бойынша балдар ескерiледi: мемлекеттiк немесе орыс тiлi, Қазақстан тарихы.

Меншiк нысанына қарамастан жоғары оқу орындары бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органға он күндiк мерзiмде шығармашылық емтиханды ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi қорытынды есептi, сондай-ақ шығармашылық емтихан тапсыру туралы бұйрықтардың көшiрмесiн ұсынады.

12. Шығармашылық мамандықтарға, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсу кезiнде өтiнiштердi қабылдау жоғары оқу орындары орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.

 

2. Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртiбi

 

Кешендi тестiлеу өткiзу

 

13. Кешендi тестiлеу тiзбесi бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның бұйрығымен бекiтiлетiн тестiлеу өткiзу пункттерiнiң базасында (базалық жоғары оқу орындары) өткiзiледi.

Шығармашылық мамандықтарға түсетiн, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсетiн тұлғаларды кешендi тестiлеу тұлғаның таңдаған жоғары оқу орны бекiтiлген базалық жоғары оқу орнында өткiзiледi.

14. Жергiлiктi жерде ұйымдастыру және ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзу және тәртiптi сақтау үшiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның шешiмi бойынша жоғары оқу орындарынына түсетiн тұлғаларға кешендi тестiлеудi ұйымдастыру мен өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссиялар (бұдан әрi — мемлекеттiк комиссия) құрылады.

15. Кешендi тестiлеудi өткiзу технологиясының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшiн базалық жоғары оқу орындарына бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның өкiлдерi жiберiледi.

16. Кешенді тестілеуге қатысу үшін түсуші жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, жалпы орта (орта жалпы)оқу орнын бітіргені туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік (бастауыш немесе орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) оқу орнын бітіргені туралы диплом (түпнұсқа), тестілеуді өткізу үшін ақы төлегені туралы түбіртек, 3х4 көлеміндегі екі фотосурет, 086-У нысанындағы медициналық анықтама, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.

17. Кешендi тестiлеуге қатысу үшiн өтiнiштердi қабылдауды 20 маусым мен 9 шiлде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргiзедi.

18. Кешендi тестiлеу 17-23 шiлде аралығында өткiзiледi.

19. Кешендi тестiлеу түсушiлердiң қалауы бойынша қазақ немесе орыс тiлдерiнде орта бiлiм берудiң оқу бағдарламалары көлемiнде төрт пән: мемлекеттiк немесе орыс тiлi (оқу тiлi), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнi бойынша өткiзiледi.

Таңдау пәндерi және ҰБТ мен кешендi тестiлеудiң бейiндi пәндерi көрсетiлген мамандықтар тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.

20. Кешендi тестiлеуге 2 сағат 30 минут бөлiнедi. Тестiлеудi қайта тапсыруға жол берiлмейдi.

21. Кешендi тестiлеу өткiзу кезiнде бiр орыннан екiншi орынға ауысып отыруға, емтихан материалдарын алмастыруға, көшiрiп жазуға, оқулықтар мен басқа да әдiстемелiк әдебиеттердi, байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон) аудиторияға кiргiзуге жол берiлмейдi.

22. Түсушi осы Үлгi қағидалардың 21-тармағын бұзған жағдайда бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның өкiлi осы Үлгi қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тыйым салынған затты тәркiлеу және үмiткердi шығару актiсiн жасайды және тестiлеу нәтижелерiн жою туралы шешiм қабылдайды.

23. Кешендi тестiлеуге берiлген уақыт аяқталғаннан кейiн түсушi емтихан материалдарын тапсырудан бас тартқан жағдайда бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның өкiлi осы Үлгi қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша акт жасайды. Бұл ретте аталған тұлғаның емтихан материалдарының нәтижелерi өңделмейдi.

24. Әрбiр пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25. Әрбiр тест тапсырмасының дұрыс жауабы бiр балмен бағаланады.

25. Кешендi тестiлеу нәтижелерiн өңдеу кешендi тестiлеу жүзеге асырылған жоғары оқу орнында өткiзiледi.

26. Дұрыс жауаптар коды тестiлеу нәтижелерiн өңдеу аяқталғаннан кейiн iлiнедi.

27. Кешендi тестiлеу нәтижелерiн мемлекеттiк комиссия тестiлеу өткiзiлген күнi жариялайды.

28. Кешендi тестiлеу нәтижелерi бойынша әрбiр тестiлеуге қатысушыға белгiленген үлгiдегi сертификат толтырылады, оны мемлекеттiк комиссия тестiлеу өткеннен кейiнгi күнтiзбелiк үш күн iшiнде бередi.

29. Тест тапсырмаларын бағалау кезiнде бiрыңғай талаптарды сақтауды және даулы мәселелердi шешудi қамтамасыз ету, кешендi тестiлеуге қатысушылардың құқығын қорғау мақсатында тестiлеу өткiзу кезеңiнде Апелляцияны қарау жөнiндегi республикалық комиссия (бұдан әрi – Республикалық апелляциялық комиссия) және әрбiр базалық жоғары оқу орнында апелляциялық комиссия құрылады.

Апелляциялық комиссия кешендi тестiлеудiң нәтижелерiмен және/немесе тест тапсырмаларының мазмұнымен келiспеген тұлғалардың өтiнiштерiн қарау үшiн құрылады.

Республикалық апелляциялық комиссияның төрағасы мен құрамы бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның бұйрығымен бекiтiледi.

30. Апелляциялық комиссияның төрағасы оның мүшелерiнiң арасынан бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның бұйрығымен бекiтiледi, ал оның құрамын кешендi тестiлеудi ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның төрағасы бекiтедi.

31. Апелляциялық комиссия тестiлеуге қатысушылардан тест тапсырмаларының мазмұны мен техникалық себептер бойынша түскен өтiнiштердi қабылдайды және қарайды, Республикалық апелляциялық комиссияға тұлғаға балдар қосу туралы ұсыныс енгiзедi және оны апелляцияның қорытындылары туралы хабардар етедi.

32. Апелляцияға берiлетiн өтiнiштi тестiлеуге қатысушының өзi апелляциялық комиссия төрағасының атына бередi. Тест тапсырмаларының мазмұны мен техникалық себептер бойынша өтiнiштер кешендi тестiлеу нәтижесi хабарланғаннан кейiн келесi күнгi сағат 13.00-ге дейiн қабылданады және апелляциялық комиссия бiр күн iшiнде қарастырады. Өтiнiш берушiнiң өзiмен бiрге оның жеке басын куәландыратын құжаты, тестiлеуге жiберу рұқсаттамасы болуы керек.

Апелляциялық комиссия әр тұлғамен жеке тәртiпте жұмыс iстейдi. Тұлға апелляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда, оның апелляцияға берген өтiнiшi қаралмайды.

Апелляциялық комиссияның жұмысын апелляциялық комиссияның төрағасы басқарады.

33. Тестiлеудiң нәтижесiмен келiспеу туралы апелляция бойынша шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешушi дауыс болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төрағаның және комиссияның барлық мүшелерiнiң қолдары қойылған хаттамамен ресiмделедi.

34. Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссияның тұлғаға балдар қосу туралы ұсынысының негiздемесiн қарайды және шешiм қабылдайды.

Республикалық апелляциялық комиссияның шешiмi комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауысы шешушi болып табылады.

Республикалық апелляциялық комиссияның шешiмi төраға және барлық комиссия мүшелерi қол қойған хаттамамен ресiмделедi.

 

Жоғары оқу орындарына қабылдау

 

35. Студенттер қатарына қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары 10-25 тамыз аралығында өткiзедi.

Оқуға түсушiлер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына қабылдау туралы өтiнiшпен бiрге жалпы орта, техникалық және кәсiптiк (бастауыш және орта кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi) немесе жоғары бiлiмi туралы құжатын (түпнұсқа), 3х4 көлемiндегi 6 фотосуретiн, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, ҰБТ немесе кешендi тестiлеу  сертификатын, сондай-ақ бiлiм беру грантын тағайындау туралы куәлiктi (бар болса) қоса бередi.

36. Бiлiм беру грантын тағайындау туралы куәлiк алған тұлғалар куәлiкте көрсетiлген жоғары оқу орнына қабылдау туралы өтiнiш бередi және жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен студенттер қатарына қабылданады.

Шығармашылық мамандықтар бойынша бiлiм беру грантын тағайындау туралы куәлiк иегерлерi өздерi арнайы (шығармашылық) емтихан тапсырған жоғары оқу орындарына қабылданады.

37. Ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға тестілеу нәтижелері бойынша мынадай пәндерден: мемлекеттік немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен кемінде 70 балл, ал «Білім», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына кемінде 60 балл,басқа жоғары оқу орындарында — кемінде 50 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пәннен кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинаған,ҰБТ-дан өткен жалпы орта білім беру ұйымдарын ағымдағы жылы бітірушілер, кешенді тестілеуге қатысушылар қабылданады.

38. ҰБТ немесе кешендi тестiлеу шеңберiнде тапсырылған пәндердiң бiреуiнен 4 балдан кем жинаған тұлғалардың ақылы негiзде оқуға қабылдануына немесе бiлiм беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуына жол берiлмейдi.

Оқуға қабылдау мамандықтар мен тiлдiк бөлiмдер бойынша жеке жүргiзiледi.

Шығармашылық емтихандар белгiленген мамандықтарға қабылдау осы емтихандар бойынша алынған балдар есепке алына отырып жүргiзiледi.

39. Ұшқыштарды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орнына түсетiн тұлғалар үшiн дәрiгерлiк-ұшқыштық сараптау комиссиясының ұшқыштарды даярлау жөнiндегi жоғары оқу орнында оқуына жарамдылығына медициналық қорытындыны бере отырып медициналық куәландыру мiндеттi.

40. Оқуға түсушi екiншi деңгейдегi банктер беретiн бiлiм беру кредитiн ресiмдесе, ол құжаттарының сол банкте қарастырылып жатқандығы туралы тиiстi анықтаманы ұсынған жағдайда жоғары оқу орнының студентi қатарына қабылданады.

Бұл ретте оған бiлiм беру кредитiн ресiмдеу кезеңiнде бiлiм беру қызметiн көрсету шартында белгiленген және азаматты оқуға қабылдауға дейiнгi төлеуге жататын соманы төлеу мерзiмiн ұзарту ұсынылады. Бiрақ ол банктен анықтама алған сәттен бастап төрт аптаға жарамды.

41. Шет тiлiнде берiлген құжаттардың қазақ немесе орыс тiлдерiндегi нотариалды куәландырылған аудармасы болуы тиiс.

Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар тұлғалар оқуға қабылданғаннан кейiн оқудың бiрiншi семестрi iшiнде заңнамада белгiленген тәртiппен нострификациялау рәсiмiнен өтедi.

42. Құқық қорғау және арнайы органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарының студенттерi қатарына қабылдау медициналық, тәндiк және психофизиологиялық көрсеткiштерiн ескере отырып осы жоғары оқу орнының мандат комиссиясының сертификат балдарына сәйкес қабылдаған шешiмi бойынша жүргiзiледi.

43. Меншiк нысанына қарамастан жоғары оқу орындары бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органға белгiленген нысан бойынша және белгiленген мерзiмде ақпарат ұсынады, қабылдау өткiзгеннен кейiн он күндiк мерзiмде қабылдауды ұйымдастыру мен өткiзу жөнiндегi қорытынды есептi, студенттердi қабылдау туралы бұйрықтардың көшiрмесiн, сондай-ақ одан бас тартқан бiлiм беру гранты иегерлерi куәлiктерiнiң түпнұсқасын және жоғары оқу орнына келмеген тұлғалардың мәлiметтерiн (Т.А.Ә., мамандығы) ұсынады.

44. Осы Үлгi қағидалармен регламенттелмеген мәселелердi жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары дербес түрде шешедi.