Жаңалықтар.

Интервью1 ОҚУ ОРДАСЫНЫҢ МАҚТАНЫШТАРЫ – ОҚУ ОРДАСЫН МАҚТАНЫШ ТҰТАТЫНДАР

Университеттің 80 жылдық мерейтойы – қазіргі таңда қызмет істеп жүрген әріптестеріміз бен студенттердің ғана меркесі емес, 80 жылдық тарихи ғұмырда университет қабырғасынан түлек ұшқан мыңдаған түлектер мен білім ордасының аяғынан тұры, болашаққа нық қадам басуына өз үлестерін қосқан жүздеген оқытушылардың, дарынды ұйымдастырушалрдың да төл мерекесі.

Университет түлектерінің басын біріктіріп, бір мақсат пен бір мүддеге бет бұрғызып отырған «С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Түлектер Ассоциациясының» төрайымы Айгүл Садуақасқызы Қаракушикованы мерекелік күндерде түлектер қандай ерекше іс-шара өткізетіндігі, бір жылда атқарған қандай жетістіктері бар екендігін білу мақсатымен сөзга тартқан едік.

Айгүл Садуақасқызы, ең алдымен, Сізді ҚазҰМУ-дың 80 жылдық торқалы тойымен құттықтаймыз. Енді осы той, өзіңіз білесіз, Түлектер Ассоциациясының да мерейлі мерекесі. Қандай ерекше жоспарларыңыз бар?

— Рахмет! С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Түлектер Ассоциациясының бірінші съезі өтпек. Біздің Ассоциацияның республика бойынша 9 аймақта филиалдары бар. Солардың басшылары, мүшелері келмек. Көтерілетін мәселелер аясы кең. Алғаш рет өткізіліп отырған съезд өз нәтижесін берер деген үміттеміз. Университеттің 80 жылдығы – біздің түлектер үшін ерекше мерей. Сондықтан ірі шара ретінде Ассоциацияның алғашқы съезін ұйымдастырып отырмыз.

Ассоциация туралы газетіміздің әр санында қысқаша ақпарат бергенімізбен, толыққанды түрде қамтымағанымыз рас. Сондықтан қалың оқырманға Ассоциация кімнің бастамасымен ашылды, алғашқы қадамдарыңыз туралы айтсаңыз?

— Университет түлектеріне тән ортақ игілік бар. Ол – ортақ университет, ортақ мамандық, ортақ міндет, ортақ мақсат, ортақ парыз. Ортақ істе ортақ мақсатты көздей жүріп университет түлектерінің басын бір шаңырақтың астына біріктіру қажеттігі туындады. Бұл – материалдық қана емес, ең алдымен рухани қажеттілік. Университет абыройын асқақтатып, рухын көтеруге асық жанашыр жандар жетерлік. Дегенмен де, «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген сөздердің де астарлы мәні тереңде. ҚазҰМУ үшін әрбір түлектің өзіндік ерекше орны бар. «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Түлектер Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігін құру үлкен мәнге ие болды.

Интервью2

Сөйтіп, 2009 жылы қараша айында ҚазҰМУ ректоры профессор Айқан Ақанұлы Ақановтың ұсынысымен Ассоциация өзінің алғашқы қадамын жасап, ұйымдастырушылық жұмысын бастап кетті. Сол күннен бастап дәрігер кәсібінің беделі мен мәртебесін арттырып, денсаулық сақтау саласында кәсіби, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін университет студенттері мен түлектерінің интеллектуалдық, шығармашылық және іскерлік әлеуетін біріктіру мақсатында жасалатын іс-шаралар жоспары құрылды. ҚазҰМУ-ды әртүрлі жылдары бітірген, Қазақстанның түрлі аймақтарындағы түлектермен байланыс орнатылды. Қазақстанның қай аймағында жүрмесін кез-келген университет түлегінің оқу орнының тарихи бетінде алатын орны ерекше екенін сезіндіру, патриоттық рухын көтеру, қолына дәрігер маманының куәлігін ұстатқан білім ордасына деген жанашырлығын ояту арқылы ассоциация жұмысының негізгі мәні анықталады.

«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті түлектерінің ассоциациясы» университет бітірушілерін жұмыспен қамтамасыз ету барысындағы өзекті мәселелері шешу үшін қажетті мамандардан кеңес алу шараларын ұйымдастырады. Сондай-ақ, студенттер мен бітіруші түлектерге қосымша білім беру қызметтеріне қол жеткізе алуына ықпалдасу (әртүрлі тақырыпта конференциялар, семинарлар, шеберлік кластары, біліктілікті арттыру курстары, т.с.с.), халықаралық, мемлекеттік емес ұйым жұмыстарына қатысу, өз мамандарын дәріс оқуға, баяндама жасауға шетелге жіберу, дарынды студенттерге материалдық және т.б. қолдау көрсету, университеттің озық дәстүрлері негізінде студенттер арасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру ассоциацияның негізгі міндеті болып табылады.

Осы бір жылдың ішінде Қазақстанның аймақтары бойынша филиалдар ашылып, конференциялар өткізілді. Сонымен қатар, Ассоциацияның жастар қанаты бар. Университет студенттерінен тұратын бұл жастар ұйымы мұрахаттан 1936 жылдан бергі бітірушілер тізімін жасау кезінде белсенді жұмыс атқарды. Бұл жастар – ертеңгі Түлектер Ассоциасының озық жетекшілері болатынына сенімдімін.

Мерейтой күндерінен аз ғана бұрын ерен еңбектің жемісі болып табылатын, Ассоциация мақтанышы – «Түлектер кітабы» жарыққа шығып, қолдарыңызға тиді. Осы кітап туралы айтып берсеңіз.

— С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті – бүгінгі таңға дейін 60 мыңнан астам медицина кадрларын даярлап, елімізді денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосып отырған ірі жоғарғы оқу орны. 80 жылдық мерейтойын атап отырған медицина білімінің қара шаңырағы құрылғаннан бергі оқу орнын бітірген барлық түлектердің атын жаңғыртып, тарих беттерін таразылау мақсатында кітапты жарыққа шығарып отырмыз. Кітапта университеттің қысқаша тарихымен қоса, университет мұражайынан алынған, бұрын-соңды көпшілік көрмеген, біле бермеген ерекше суреттер бар. Атап айтқанда, 1936 жылы бітірген ең алғашқы түлектердің виньеткасы, алғашқы клиникалық жұмыстардың суреттері, алғашқы ұстаздар мен университеттің клиникалық базаларының суреттері. Бұл жерде, мұражай директоры Әлия Сапарқызы Саятованың еңбегі зор. Ол суреттерді фотоальбомнан сканерлеп, бір-бірлеп тазалаудың өзі қаншама ыждағаттылық пен төзімділікті талап етеді.

Интервью3

Сондай-ақ, кітапты баспаға әзірлеуде белсенділік танытқан барлық адамдарға, жан-жақты қолдау көрсеткен университет басшылығына ризашылығымды білдіремін. Осындай сүттей ұйыған ұжымымның арқасында көзге көрінетін, игі іс өз жемісін берді.

— «Шипагердің» оқырмандарына айтар тілегіңіз.

— Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандықты таңдау арқылы жастар мәңгілік өмір жолының бағыт-бағдарын айқындап беретін, мойнына үлкен жауапкершілік пен міндет жүктейтін дәрігерлік жолға түседі. Сол жолдың бірінде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті студенттері де білім алып, біліктілік жинауда. Ал қаншама мыңдаған студент осы оқу орнының беделін асқақтатып, абыройын үстем етіп, халық денсаулығын сақтау ісіне белсене араласып, елдің мерейіне бөленіп жүр. Осынау ең ізгі өнерді таңдап алған әріптестерім мен білімнің ауыр жолына түскен жас өркендерге, ең алдымен, шығармашылық шабыт, жемісті жеңіс, таудай талап тілеймін. Ел іргесі тыныш болып, ұлағатты ұстаздардың тағылымды тәрбиесі мен білім ордасында қалыптасқан игі дәстүрлер сабақтастығы жалғай беруді және алдағы жарқын күндерде биік белестерді бағындырсақ деймін.

Қазақта «Асу бермес асқар жоқ» деген аталы сөз бар. Сондықтан, туған университетімнің кез келген ауырпалықты жеңіп, биік шыңдардан көретінімізге, дәрігерлік мамандықтың абырой-беделінің бұдан жоғары асқақтай түсетініне сенімдімін.

Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңыз өрге өрлей берсін.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *