ТҮЙІНДЕМЕ ЖАЗУ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША АҚПАРАТ

 

Түйіндеме – үміткердің кең көлемдегі визит карточкасы сияқты. Түйіндеме оны жазған адам туралы толық мәлімет береді, оның білімі, біліктілігі, жеткен жетістігі, жұмыс тәжірибесі, икемділігі т.б.

Түйіндеме – компанияға өз түйіндемелерін жіберген көптеген үміткерлерден сізді ерекшелеп тұратын жарамалық парақша сияқты болуы керек. Яғни, жұмыс беруші немесе кадрлар қабылдайтын кез келген агенттіктерде сіздің түйіндемеңіз әлеуеті жоғары қызметкер ретінде оларды қызықтыру қажет.

Түйіндеме жазу барысында болашақта оны оқыған адамға қызығушылық тудыратындай етіп жазу мақсаты көзделуі керек. Біріншіден – білікті маман ретінде, екіншіден — позитивті мінездеме көрініс тапқаны жөн. Өйткені, оны қолға алған алғашқы 1-2 минутта қызығушылық тудырса, әрі қарай толықтай қаралады.

Ол үшін төмендегі талаптарды қанағаттандыру қажет:

Біріншіден – түйіндемеде тек шындық көрсетілуі керек. Өйткені, жеке кездесу кезінде сол мәліметтерді растауыңызға тура келеді. Жазылған мәлімет дұрыс болмаған жағдайда өзінізге қиындық тудырып аласыз.

Егер де сіз түйіндемеңіз арқылы өзіңізді көрсеткіңіз келсе, әуелі өзіңізге баға беріңіз. Артықшылықтарыңызды тізіп шығыңыз. Қолыңыздан келетін істер мен өз бойыңызда бар деп санаған қасиетіңізді түйіндемеге енгізіңіз.

Екіншіден – түйіндемеде жеке мінездеме көрініс табуы қажет. Қандай да бір компанияға түйіндеме жазбас бұрын, компания туралы, оның ұжымдық саясаты, оның принциптерімен, үміткерлерге қоятын компания талаптарымен таныссаңыз, сіз түйіндемеңізге өзгеріс еңгізіп немесе жаңа түйіндеме жазуыңыз мүмкін. Түйіндемеңізде өз ісіңіздің маманы екеніңізді көрсетіп, жұмыс берушіге осы қызметке лайықты екеніңізге сенімділік тудыруға тырысыңыз. Түйіндемеңізге қоса ұсыным хатын берсеңіз болады. Онда сіз осы компания өзіңізді қызықтырғанын және неліктен ең лайықты үміткер екеніңізді жазуыңызға болады. Бұндай ерекшелік біріншіден – жұмыс берушінің назарын аударары сөзсіз, екіншіден – сіздің жұмыс іздеудегі жауапкершілігіңізді көрсетеді.  Сондай-ақ, кез кезген жұмыс берушіні бей-жай қалдырмасы анық.

Үшіншіден – қажетсіз деп санайтын жағымсыз сәттерді түйіндемеге жазбағаныңыз дұрыс. Керісінші, өз ерекшеліктеріңіз бен артықшылықтарыңызды, жетістіктеріңізді көрсетіңіз.

Төртіншіден — шетелдік компанияға түйіндеме жазсаңыз, сол компанияның негізгі тілі болып табылатын тілде жазғаныңыз дұрыс. Сондай-ақ, орыс тілді басшы болса, орыс тілінде жазғаныңыз жөн. Яғни, сіздің мақсатыңыз – түйіндемені оқыған адамға сіз туралы мәліметтің толық жетуі.

Бесіншіден – түйіндеме қысқаша әрі оқуға ыңғайлы болуы тиіс. Әйтпесе, оны толық оқымауы да мүмкін. Берілетін барлық ақпарат жүйеленуі тиіс. Түйіндемені ұзақ, түсініксіз сөздер мен шектен тыс арнайы терминдерді қолданбай, қарапайым түсінікті тілмен жазған дұрыс. Грамматикалық қатесіз, әдеби тілмен жазылуы тиіс. Сондай-ақ, түйіндемеде жағымды ақпараттар ғана болғаны жөн. Түйіндеме жұмыс беруші үшін сіздің өміріңіздегі жетістіктеріңіздің көрсеткіші.

Алтыншы – түйіндеменің рәсімделуіне де аса мән беріңіз. Түйіндеме толтырған кезде Times New Roman, Helvetica, Arial шрифтерін пайдалануыңызға болады. Бір қалыпты көлемді сақтаңыз. Басып шығарған кезде әріптеріңіз толық көрініп тұруы керек, яғни, қанық түсетін принтерға, жақсы қағазға бастырғаныңыз дұрыс. Егер түйіндемені e-mail арқылы жіберетін болсаңыз, файлмен жібермей, хат мәтінін көшіріп түсіріп, жіберген жөн. Түйіндемеге қарап жұмысқа қабылдаушы жұмыскер жайлы ой түйеді. Сауатты, қатесіз, ұқыпты толтырылған түйіндеме кей уақыттары жұмысқа қабылдау жайлы шешімнің соңғы нүктесі болуы мүмкін.

Түйіндемені нақты қалай дұрыс толтыруға болады?

1.Сауатты жазу. Қызметке орналасатын үміткердің түйіндеме толтырғанда білімі мен кәсіби біліктілігінен бөлек ең маңызды, әрі аса көңіл бөлу керегі – оның сауатты құрастырылуы. Әсіресе, жастар арасында кеңтараған жаргондарды қолданбай, мәтінін тергенде қатесіз жазу. Маңызды болатын себебі, егер құжатта өте көп қате кетсе, басқасына көңіл аудармайды, яғни сіздің құжатыңыз қаралмайды. Дұрыс құрастырылған түйіндеме сізге қалаған қызметке шақырту алуға жол ашады.

2.Тақырыбы. «Түйіндеме», «анкета» т.с.с.,тақырып қоймаңыз.  Дәстүрлі түйіндемеде тақырыптың орнына аты-жөні, кей жағдайда үміткердің аты-жөні, акесінің аты жазылады.

3.Бос орынға сайкес толтыру. Сіз түйіндемеңізді жарияланған бос орынға немесе жай ғана қызметкерлер бойынша менеджерге жазасыз ба, айырмашылығы жоқ. Екі жағдайда да, сіз түйіндемеңізді компанияда нақты немен айналысқыңыз келетініне сәйкес толтырыңыз. Қажетсіз графалар толтыру арқылы жұмыс берушіні шатастырып, керексіз сұрақтар тудыруыңыз мүмкін. Сондықтан нақты қандай мамандық иесі екеніңізді көрсеткеніңіз жөн.

4.Білімі. Негізі білімі (тек қана ЖОО ғана емес, әртүрлі курстар мен тренингдерді т.с.с., көрсету керек, ЖОО дейінге білімді жазудың аса қажеттлігі жоқ) туралы ақпарат хронологиялық тәртіппен келесі бетінде көрсетілгені дұрыс. Жұмыс беруші сіз өткен курстар мен тернингтардың қызмет саласына пайдасы бар ма, соған көңіл бөледі. Егер болашақ жұмысыңызға қатысты болса, қорғаған дипломдық жұмыстарыңыз бен кафедраңыздың атын, сондай-ақ, оқу кезіңде алған алғыс хат, маратап қағаздарыңызды, ғылыми, студенттік сайыстардағы жетістіктеріңізді көрсетіңіз.

5.Еңбек өтілі. Хронологиялық тәртіппен келесі бетке жазылады. Мұнда қызметтегі уақыт мерзімі, қызмет еткен мекеме мен ұйымның, немесе компанияның аты, атқарған лауазымын көрсету керек. Еңбек өтіліңіз үміттеніп отырған жұмыс орнына қатысты емес болса, жазбаған дұрыс. Егер еңбек өтіліңіз жоқ болса, бұл графаны мүлдем жазбай кетіңіз. «Еңбек өтілі» деп жазып, бос орын қалдырмаңыз.

6.Қосымша ақпарат. Бұл бөлімде компьютер, шет тілдерін меңгеретініңізді, жүргізуші куәлігі бар екенін, жеке қасиеттерініңізді, ерекшеліктеріңізді көрсетіңіз. Еңбек өтілі болмаған жағдайды, үйренуге, оқып-білуге дайын екеніңізді көрсету маңызды. «Тіл табысқыш», «ұсыныс білдіргіш» т.с.с., стандартты сөздерді қолданбаңыз, өйткені олар 90% түйіндемеде қайталанады.Сонымен қатар, өз қызығушылығыңыз бен хоббиіңізді көрсетіңіз, бірақ оны жазбас бұрын мінезіңізді қай жағынан көрсететінін ескеріңіз.

  1. Түйіндеме көлемі. Жарты бет – аз, үш бет – көп, ең дұрысы – 1-2 бет. Әрине, бір бетке сыйдыру тиімді болғанымен, үнемі солай ыңғайлы бола бермейді. Кейбірде тіпті түйіндеме көлемді болғаны дұрыс, өз кәсіби шеберлігіңізді мағынасыз сөздермен қысқартып жазып бір бетке толтырғанша, өз еңбек өтіліңізбен тәжірибеңізді, жетістіктеріңізді толыққанды көрсеткеніңіз әлдеқайда дұрыс болып табылады.
  2. Түйіндемені қарапайым, нақты әрі түсінікті толтыру.

Түйіндеме құрастырудың өз талабы, өз құрылымы бар. Сондықтан оған аса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарау керек.

Түйіндеме толтырудағы бірден-бір маңызды әрі қажеттісі – өзіңіз туралы және өз кәсіби тәжірибеңіз туралы ақпараттың дұрыс құрылымы. Өзіңіз туралы ақпаратты толтыруда бірыңғай түрі болмайды, бірақ, көптаралған бірнеше түрлері бар. Ең ыңғайлы жолы – жаңа нәрсе ойдан шығармай-ақ, көптараған түрлерді қолданған дұрыс.

Аты-жөні, байланыс телефоны, жеке ақпарат

Ең міндетті ақпараттар:

  • Тегі
  • Аты
  • E-mail (электрондық почтасы)
  • Тұрғылықты қаласы
  • Қалған ақпартаттар міндетті емес. Кейде түйіндемеде қажетсіз ақпаратты да кездестіруге болады:
  • Нақты мекен-жайы индексімен (бұл жерде қаланың атымен шектелсе болады)
  • Туған күні (жасын ғана көрсетсе жеткілікті);
  • Екі байланыс телефоны (бір нөмірініз істен шығып жатса да, екіншісіне хабарласа алатындай мүмкіндік болғаны дұрыс);
  • Отбасылық жағдайы: үйленген (тұрмыс құрмаған) /Отбасылы (емес). Бұл ақпараттарды жазбауға да болады.