Жаңалықтар.

Сәуірдің 19-жұлдызында Мағжан Жұмабаевты, оның отты жырлары мен сыршыл өлеңдерін, адами құндылықтары мен өмірлік ұстанымдарын жас буын – университет студенттеріне кеңінен таныстырып, ақын есімін жадымызда тағы бір рет жаңғырту мақсатында ректор кеңесшісі, профессор Жанар Ғабиденқызы Мұсатфинаның белсенді бастамасымен құрылған «Тағзым» шығармашылық клубы әдеби кеш ұйымдастырды.

Игі шараға құрметті қонақ ретінде ақын, жазушы, публицист Бақытжан Қанапьянов қатысып, өзінің шығармашылығымен және өз аударған Мағжан өлеңдерімен таныстырды. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ақын шығармашылығы мен оның жас та болса өмірі мен өнерін халыққа арнағандығы, небәрі 20 жасында алғашқы өлеңдер жинағының жарыққа шығып, халқына жанашыр, ұлтжандылығымен таныла бастағаны кеңінен сөз болды.

Кездесі басында сөз бастаған профессор Исатай Әзімұлы жалпы «Тағзым» шығамашылық клубы туралы, оның басты бағыттары туралы айта келіп, Мағжан Жұмабаевқа арналған кетің өзіндік ерекшеліктері туралы айттып өтті.

Қазақтың біртуар тұлғаларына «тағзым етуді» қолға алған Жанар Ғабиденқызы ақын туралы ерекше толғаныспен сөз бастады: «Мағжан кім? Не туралы жазған? Қандай мұра қалдырған?

Мағжан Жұмабаев – аңыз адам. Оның адами қасиеті мен шығармашылық дарыны ерекше болған. Замана заңғары Мұхтар Әуезов ол туралы: «Қазақ поэзиясының атасы Абайды сүйемін, бұдан соң Мағжанды сүйемін. Мағжан – мәдениеті зор ақын» деген.

Мағжан өзі сүйген, өзі қалаған, өзіне үлгі тұтқан, жүрегіне жақын ақын–жазушыларды ғана аударған (Гете, Гейне, Лермонтов, Горький, Мамин-Сибиряк). Мағжан – еліктегіш ақын. Пушкин, Лермонтов, Байрон мен Шекспир сияқты ұлы ақындарға еліктеген. Ол орыс, қазақ, татар, араб деп талғамаған. Адамзатқа деген шынайы сезімі берік жан болған.

Ол туралы: «Сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, романтик, мәдениетшілдік», — деген Жүсіпбек Аймауытов.

Ақмола облысының тумасы болып саналатын Мағжанның болашақта әйгілі болатынын атасы марқұм сезген екен. Үш жасында ол: «Менің осы немерем түбінде менің атымды әлемге әйгілі етеді» деп кішкене Мағжаннан үлкен үміт күткен. Атасының игі батасын алған Мағжан төрт жасында мектеп табалдырығын аттайды. Мектепті жақсы бітірген соң, Уфадағы медреседе араб, парсы, түрік тілдерін үйренеді. 1912 жылы Қазанда «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарыққа шығады.

Ақынның ұстаздары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов болды. Дулатов Мағжанға Еуропа мен орыс мәдениетін, ілімі мен білімін үйренуді ұсынады. 1917 жылы Мағжан «Алаш орда»партиясына кіреді.   1923-1938 жылдар аралығында Мағжанның өмірі түрме мен айдауда өтеді.  1938 жылы «Халық жауы» деген айып тағылып, қатаң жаланың нәтижесінде атылады».

Мағжанның тағдыры кімді де болмасын бей-жай қалдырмасы анық. Өнері, өмірі, сезімі мен сенімі терең тұлғаның шығармашылығына деген қызығушылық кешке қатысып отырған студенттер мен оқытушылар тарапынан айқын аңғарылды.

Мағжанның өлеңдерін әр тілде жатқа оқыған студенттерді ақын шығармашылығы бай-жай қалдырмағаны анық байқалды. «Мен кім?», «Пайғамбар», «Түркістан», «Қазақ тілі» өлеңдері патриоттық рух пен ұлтжандылықтың айқын көрінісі болса, «Сүй, жан сәулем», «Сен сұлу» өлеңдерінен ақынның сезімталдығы мен терең сыршылдығы аңғарылды.

Махаббат лирикасына, достық тақырыбына көп жырларын арнаған ақынның әйел затына деген сүйіспеншілігі туралы орыс тілі кафедрасының аға оқытушысы Сейітзада Әсембеков жан-жақты талдап, басқа ақындармен салыстыра отырып, сәкестендіре отырып, қызықты етіп талдап берді. Оның лирикалық жанрдағы, өлеңдеріндегі, жалпы өмірдегі ұстанымын қатар қойып, Мағжанның өзіне ғана тән басты ерекшеліктері туралы сөз етті.

Сыршыл ақынның шығармашылығынан сусындап, өмірі мен өнерін тағы бір еске алған әдебиетсүйер  қауым тағы бір рухани серпіліп қалды. Ал осындай игі бастаманың басы-қасында жүрген профессор Жанар Ғабиденқызына, Исатай Әзімұлына және оқытушылар мен студенттерге ақ жол тілеп, университет игілігі үшін атқарылып жатқан ортақ істеріміз жемісті болсын демекпіз.

ҚазҰМУ баспасөз қызметі


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *